Ел тұрғындарын көмірмен жылытып, экономикаға айрықша үлес қосып отырған шахтерлар еңбегі айрықша маңызға ие. Ал, жыл сайын дәстүрге айналған шахтерлар күні мерекесінің де маңызы бөлек. Көмірдің отаны Екібастұз қаласында атаулы күн айрықша тойланды.

Шахтерлар күні қарсаңында облыс әкімі Асайын Байханов бірқатар құрметті кеншілердің шаңырағына бас сұқты. Солардың бірі Қазақстанның Еңбек Ері Мұрат Қайыргелдин. Аймақ басшысы ардагерді құттықтап, жүрекжарды сөзін арнады. Екібастұз жұртшылығы айрықша мерекені өзгеше тойлап өтті. Алдымен Екібастұз көмірін алғаш ашқан Қосым Пішембаев ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Оған ардагерлер мен тұрғындар, қаланың қадірлі ақсақалдары қатысты. Мерекені тойлау Екібастұз қаласында гала концертпен жалғасты.

Шара аясында бірқатар шахтерлар қауымы марапаттарға ие болды. Еңбектері еленіп, көпшіліктің құрметіне бөленді. Барша кеншілер қауымын құттықтауға алыс-жақынан эстрада жұлдыздары да келді.

Кеншілер күніне арналған көңілді кеш, шаһар тұрғындарының көңілінен шықты.

Жанасыл Серікбол