Облыс әкімі Асайын Байханов Ертіс ауданына жұмыс сапарымен барды. Аудандағы орақ науқанының жұмысымен танысты. Бұл бағытта орындалып жатқан жұмыстың сапасымен танысты.

Қазір Ертіс ауданында орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін 75 мың гектар егіс алқабы орылыпты. Өнімділік гектарына 12,8 центнер. 96 мың тонна бидай қоймаларға түсіпті.

Биыл шаруалардың көңілі тоқ. Жауын-шашын мол болды. Өнімділік деңгейі де ойдағыдай. Әсіресе күнбағыс майының өнімділігі биыл екі есе жоғары көрсеткішке жетіпті. Ендігі міндет өскен өнімді шашау шығармай жинау.

Аудан қазан айының онына дейін орақ науқанын аяқтауды жоспарлап отыр. Шаруа қожалық иелерінің бірі – Амангелді Бейсембинов. Егіс алқабының жартысы бидай. Биылғы жыл шаруалар үшін жайлы болғандығын айтады.

Кәсіпкердің айтуынша, 18-19 пайыз ылғалдылықпен жиналып жатқан бидай элеваторға салынып, кептіріледі. Бұл ретте, шағын шаруа қожалықтарында біршама қиындық туындап отыр. Жалпы Ертіс ауданы бойынша егістік алқаптарының 40 пайызы жиналған.

Биыл Үкіметтен Павлодар облысына 1000 тоннаға жуық жеңілдетілген сұйытылған газ беріліпті. Оның тең жартысы осы Ертіс ауданына бөлінген. Орақ науқаны аяқталуға жақын. Өнімділік былтырғымен салыстырғанда екі жарым есеге жетеді деп болжануда.

Ертіс ауданының топырағы бидай егуге қолайлы. Алайда, шаруалар мол дақылды әртараптандыру ісін мүмкіндігінше жүргізуде. Фермерлер арпа, тары, жасымық, қарақұмық, сұлы және майлы дақыл түрлерін де егуде.

Жанасыл Серікбол