Ақсу қаласында «Туған қала» жобасы аясында «Менің отбасымда сақталған құнды зат» атты көне жәдігерлер қойылған көрме өтті. Толығырақ тілші тарқатады.
Ақсу қаласында іске асып отырған жобаға әр тұрғын қала әл-ауқатын арттыруға атсалысады. Яғни түрлі идеялар ұсынады. Жобаның негізгі мақсаты да, міндеті де аймақтың дамуы. Соның аясында кезекті «Менің отбасымда сақталған құнды зат» көрмесі өтті.
ӘЙГЕРІМ ӘБЕНОВА, АҚСУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгін үйлеріміздегі жәдігерлердің қайта рухани жаңғыру күні деп айтайық. Бұл мереке, іс-шара өте маңызды. Сіздерде сақталған жәдігерлердің қала мұржайына тапсыру, одан ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, ол заттың тарихын айтып беру, соны сақтап балаларымызға қалдыру маңызды
Көрмені қаладағы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Гүлжанар Ақшұлақова ұйымдастырды. Ол 2020 жылы осы тақырыпта ғылыми жұмыс жазып, кейін оны «Туған қала» жобасына ұсынған. Жоғары дауыс жинап, көне заттар көрмесін ұйымдастыруға мүмккіндік алды. Шараға 50-ден астам адам қатысты. Олардың барлығына алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
ГҮЛЖАНАР АҚШҰЛАҚОВА, АҚСУ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ БАСШЫСЫ
Әлеуметтік жоба «Туған қалаға» біздің музейде форум өткенде мен ойладым, неге өз жобаммен қатыспасқа деп. Сондықтан осы тақырыпты ары қарай жалғастырдым, мақсат – біріншіден музейдің қорын толтыру, екіншіден әрбір отбасында осындай құнды заттар бар. Солармен бөліссе, көрсетсе деп, тапсырғысы келсе тапсырады. Мұның бәрін көне жәдігерлер деп айтуға болады. Тек ғана Ақсу емес, Аққулы ауданы бар, мына жердегі алаша, шапан, сондай бұйымдар тапсырды. Және бізідң аймақ бойынша ауылдардан да қатысып отыр
Көрмеде бірден көзге түскен құнды жәдігердің бірі академик Қаныш Сәтбаевтың пальтосы. Ол келіні Алтын қажының үйінде мұра болып сақталған. 70 жыл тарихы бар сырт киім жиен немересінің ұсынысымен Ақсу тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды.
ӘЙГЕРІМ БИМАҒАМБЕТОВА, АҚСУ ҚАЛАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ ӘДІСКЕРІ
Бұл жәдігер менің нағашы әжемнің, атамның туысы болып келеді Қаныш Сәтбаев. Сол менің атамның туған ағасы Рашид ағаға сыйлаған. Қыстаққа келген кезде, Теңдік ауылына. Содан естелік болып менің атамда сақталған мұра ғой. Осы проект бойынша құнды жәдігерді музейге тапсыруды жөн көрдім
Ал жергілікті жұрт Ерғанат Ахметовті коллекционер ретінде жақсы таниды. Отбасы да көне заттар қоры көп. Көрмеге әкесі мен ұлы қатысып, 4-5 жәдігер заттар алып келді. Олардың қатарында Марокко елінен әкелінген пышақ, 1866 жылы шыққан күміс қасықта бар. Отбасы мүшелері бүгінде көне заттарды шаң тигізбей сақтап келеді.
МҰХТАР АХМЕТ, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Бұл жәдігерлердің ішінде ең көнесі «огнево» - отты немесе от жағар дейді. 1700 жылдардың басында шыққан дүние. Отбасымыздағы құнды жәдігердің бірі – Құран Кәрім. 1860-70 жылдар аралығында шыққан. Жалпы, сол замандағы адамдардың қазіргі замандағы адмадармен айырмашылығы неде, қызығушылықтары, тұрмыстары қалай болды дегенді бүгінгі күнмен салыстырған қызық деп ойлаймын. Сондықтан осы іс-шараны толықтай құптаймын
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Жалпы, мұндай көне заттар көрмесі екі ғасыр бұрынғы өмірді көз алдына елестетіп, өз халқынның өткеніне деген мақтаныш сезімін одан әрі оята түседі.
Қымбат Садық