Бұдан соң облыс әкімі Асайын Байханов Железин ауданына барды. Онда да орақ науқанының барысымен танысты. Ауданда атқарылады деп жоспарланып отырған жобалармен де танысты.

Железин ауданында бидайдың 17 гектары, арпаның 13 мың, сұлының 6 мың гектар алқабы орылыпты. Өнімділік орташа есеппен 12 центнер. Ауданда сонымен қатар, майлы дақылдар да, көкеністер де егілген.

Железин ауданындағы жұмыс сапары барысында аймақ басшысы бірнеше шаруа қожалықтарының жұмысымен танысып, дәнді дақылдардың төмен өнімділігіне назар аударды. Өйткені, топырақ тыңайтқыштармен байытылмаған деді әкім. Сондықтан жердің шұрайлылығы төмен.

Шаруалардың жайын, егіннің түсімін тексеріп білген соң аймақ басшысы Башмачное ауылына барды. Онда ауылға қауіп төніп тұрғаны айтылды. Өйткені, жыл сайын жағалау опырылуда. Былтырғы жылы ғана ауыл мен жағалау сызығына дейінгі қашықтық 12 метр болған екен. Бүгінгі күні ол қашықтық сегіз метрге дейін қысқарыпты. Сондықтан, жағалауды нығайту жобасын іске асыру керек.

Ауылды қорғау үшін жасалатын жобаның құны 550 млн шамасында. Қазір мемлекеттік сараптаудан өтуде.

Жанасыл Серікбол