Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямадамен кездесті.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық және инвестициялар мәселелерін талқылады.

Өңір басшысы Құрметті қонаққа Павлодар облысының ресурстары, жоғары экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері туралы баяндады. Өңірде аграрлық секторды дамыту үшін де үлкен әлеует бар.

АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Аймағымыз Жапониямен белсенді экономикалық қарым-қатынаста. Павлодар өңірі Жапонияға ферроқорытпаларды жеткізуші болып табылады. Өткен жылы павлодарлық кәсіпорындардың экспорты 435 млн. долларды құрады, жапон өнімдерінің импорты 20 млн. доллардан асты. Бұл динамика биыл да сақталып отыр.

Асайын Байханов Павлодар өңірінде жобаларын іске асыруға мүдделі жапон компанияларына облыс әкімдігінің жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті.

Өз кезегінде Джун Ямада жапон тарапының ынтымақтастыққа мүдделі екендігін жеткізіп, серіктестік одан әрі белсенді дами түсетініне сенім білдірді.

Жанасыл Серікбол