Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінде 13 мың адам есепте тұр. Олардың қатарында 346 науқас бас және мойын қатерлі ісігімен сырқаттанған. Осыған орай 5 қазанда онкологиялық орталықта ашық есік күні өтеді.

Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінде ай сайын ашық есік күндері ұйымдастырылады. Осы айда бас және мойын қатерлі ісігі мен сүт безі обырының алдын алу бойынша тексерістер жүргізіледі. Әдеттегідей ешқандай жолдамасыз, тек жеке бас куәлігімен келуге болады.

ӘСЕЛ АСҚАРОВА, ОБЛЫСТЫҚ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Қатерлі ісікті ерте анықтау мақсатында біздің елімізде скринингтің үші бағдарламасы әзірленді. Солардың бірі ашық есік күндері өтеді. Осы сенбі, 5 қазан күні бас және мойын қатерлі ісігін алдын алу мақсатында ашық есік күні болады. Таңғы 9-дан 13.00-ге дейін Российская көшесіндегі онкологиялық диспансерге келуге болады. 19 қазан күні сүт безінің қатерлі ісігі бойынша ашық есік күні өтеді.

Қазіргі уақытта Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінде 13 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Олардың ішінде бас және мойын қатерлі ісігі бойынша 346 науқас болса, 44-і биыл 9 айда тіркелген. Сүт безі қатерлі ісігі бойынша 3213 адам есепте болса, 272-сі биыл анықталған.

Самал Қалиқызы