«Ертіс променад» сахнасында маусымның жабылу кеші өтті. Бұл жолы елімізге танымал «КешЮ», «Абырой», «Формат» тобы және әнші Қайрат Бәйекенов сияқты эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Толығырақ тілші әңгімесінде.

Кеш шымылдығын Караоке Кавер байқауының жеңімпаздары ашты. Сахна ерекше жарықтармен безендіріліп, өнерпаздар көрермендеріне керемет көңіл-күй сыйлады.

СВЕТЛАНА ГЛАДЫШЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Бүгін бізде Ертis Promenade 2024 маусымының жабылуы өтіп жатыр. Дәстүр бойынша бүгін Павлодарлық караоке кавер байқауының 3ші кезеңінің 7 финалисті өнер көрсетті. Осыған дейін бізде 8 адам болған. Ал барлығы 27 адам қатысты. Алдымен біз бірінші турда шамамен 20 адамға дейін қабылдадық. Бұдан соң, 12 қатысушы келді. Өнерлерін тамашалап, ең жақсыларын таңдадық.

Ертіс Променад маусымы Павлодар қаласының мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Маусым бойы әртүрлі концерттер, шығармашылық кештер және фестивальдер өткізіліп, қала тұрғындарына тамаша демалыс мүмкіндігін ұсынды.

СВЕТЛАНА ГЛАДЫШЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Биылғы маусым біз үшін мерейтойлық болып саналады. Сахна төрінде спорттық жарыстар өткізілді. Сәрсенбі,бейсенбі және сенбі күндері мында күн сайын әртүрлі жаттығулар ұйымдастырылды. Сондай-ақ биыл алғаш рет жексенбі сайын би жаттығулары өтті. Жалпы маусым ашылғалы сахна төрінде 250 мерекелік шара өткізілді. 30-дан астам шетелдік және қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Ал ең ауқымды шаралардың бірі бұл - Қала күні болды. Ол жерде 60 мың адам жиналды.

Жазғы концерттік маусымның жабылуына дәстүр бойынша эстрада әншілері шақырылды. Кеш хэдлайнерлерінің бірі «КешЮ» тобы болды. Ал, олардың «Рухты ару» әні павлодарлықтарға ұмытылмас әсер қалдырғаны анық. Себебі, бұл хит туындыны білмейтіндер жоқ.

Қала тұрғындарының пікірінше, мұндай шаралар қаланың мәдени өміріне жаңаша серпін береді.

Дүбірлі кешті «Абырой» тобы жалғастырды. Сахна төрінде 7 жыл өнер көрсетіп жүрген эстраданың танымал жұлдыздары Ертіс променад сахнасының көркін қыздыра түсті.

Айта кетейік, жазғы концерттер маусымы ашылғалы, облыстың бас сахнасында 250 шара, 30дан астам эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Жастар арасында кеңінен танымал «Қазақ аруы», «Биле», «Бірге» әндерінің орындаушысы Қайрат Баекенов пен Формат тобы кеште жиналған үлкен-кішінің барлығын билетті. Ал, «Махаббат» хиті биылғы маусымның әдемі нүктесін қойды.

Сабина Жолдаспаева