Калиновка ауылының мектебі биыл жөндеуден өтті. Оқушылардың жайлы білім алуы үшін барлық жағдай жасалды. Кабинеттер заманауи үлгідегі құралдармен жабдықталды.

Тереңкөл ауданында «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Биыл Калиновка ауылы айтарлықтай өзгерді. Мұнда мемлекеттік бағдарлама аясында мәдениет үйі, орта мектеп, медициналық пункт жөнделді. Сондай-ақ, ауылдың 5,5 шақырым жолы асфальтталып, жарықтандыру жүйесі жаңартылды.

Сергей Вересович, калиновка ауылы мектебінің директоры:

Біздің мектебімізде биыл бірқатар өзгерістер орын алды. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Терезелер, есіктер ауыстырылды, еден жаңартылды. Жылыту жүйесі, электр сымдары бәрі ауыстырылды. Өртті ақпараттандыру жүйесі жаңарды. Мектеп толығымен жаңа кейіпке енді.

Айта кетейік, білім беру ошағында 69 бала оқиды.

Мектептің жөндеу жұмысына бюджеттен 467 миллион теңге жұмсалды. Алдағы уақытта ғимараттың аумағы абаттандырылады. Балалар алаңы жаңартылады.

Самал Қалиқызы