Павлодарда өрт сөндіруші мас күйінде пәтерде ұйықтап қалған тұрғынды тілсіз жаудан аман алып қалды. Ол үйде ішімдік ішіп, артынша шылым шеккен. Шылымның күлі көрпе, жастықта түсіп, өрт шығыпты. Жылдам жеткен құтқарушы үйде қалған адамды 5-қабаттың терезесінен алып шыққан. Бейбіт күннің батырымен тілшіміз тілдесіп келді.

Асқарбек Омаров – құтқару қызметінде ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірбиелі маман. Ғұмырының 30 жылын адам өмірін құтқаруға арнаған. Еңбек жолын өрт сөндіруші болып бастап, басшылық лауазымға дейін көтерілген. Бір салада табан аудармай, ұзақ жыл қызмет атқарудың өзіндік сыры да бар.

Асқарбек Омаров – Павлодар ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы:

Бала кезімізде ауылда үлкен жігіттер болатын өрт сөндіру бөлімдерінде істейтін. Солардың жұмыс істегенін көріп, олар жыл сайын біздің ауылға келіп тұратын. Олар формамен келеді. Соны бала кезде көреміз. И армандайтынбыз осындай боламыз ғой деп. Содан әскерге барған кейін осында келіп жұмысқа орналастым.

Құтқарушы осыдан біраз жыл бұрын тілсіз жаудан бір азаматты құтқарып қалды. Ол кезде Асқарбек Қайырбекұлы өрт сөндіруші болып жұмыс істеп жүрген кезі. 5 қабатты үйде өрт шығып, ішінде бір адам қалып қойыпты. Есік ашылмағасын терезені сындырып кіріп, қызыл жалын ішінде қалған тұрғынды аман алып шыққан.

Асқарбек Омаров – Павлодар ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы:

Көп қабатты үйлерден алып шыққан адамдар болған құтқарып ол кездерде жас болғанбыз. Бір өртке шыққаным есімде бар. Камзин көшесінде 5 қабатты үйде екінші қабатында бір азамат темекі шегіп мас күйінде ұйықтап қалған. Өрт болып жатқан кезде терезеден алып шыққанбыз ол кісіні.

Білікті маман өмірден көрген түйгендерін жас құтқарушыларға үйретіп жүр. Өзі қызмет жасаған №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміндегі өрт сөндірушілерге ақыл кеңесін береді.

Азамат Әбдірманов – Өрт сөндірушісі:

Асқарбек Қайырбекұлы осы өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарында өте тәжірибелі және адал маман. Өте ұзақ 30 жылдық стажы бар. Біз оны қадірлейміз да, құрметтейміз. Одан үйренетініміз өте көп. Осы адам сияқты биіктен көрінейік.

Асарбек Омаров мінсіз қызметі үшін жоғары марапаттарға ие болған кәсіби маман. Ол құтқару саласында отбасымен бірге қызмет атқарады. Жолдасы да төтенше жағдайлар департаментінде ұзақ жылдан бері еңбек етіп келеді. Батырлық пен батылдық қос жүректі бір шаңырақ астына тоғыстырған.

Жанасыл Серікбол