Облыстық кітапханада арқалы ақындардың келелі кездесуі өтті. Оның аясында «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының» Павлодар облыстық филиалына жаңа төрағасы тағайындалып, кабинет ашылды. Толығырақ тілші бейнематериалында.
Республика күні аясында облыстық кітапханада айтыс ақтаңгерлері бас қосты. Сондай-ақ, бұл күні «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының» Павлодар облыстық филиалының төрағасы тағайындалды. Бұл қызметке айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев лайық деп танылды. Азулы ақын Жүрсін Ерман өнер додасына түсетін ақындарға сәттілік тілеп, батасын берді.
Жүрсін Ерман, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
Әрқашан жастарға жол беру керек. Соларға ақыл айта отыру керек. Енді алдымызда тұрған сайыс екі облыстың өнер жарысы. Салыстырып отырмын екі облыстың да потенциалы бірдей деуге болады, сондықтан қазылар шын бағасын берсе, жеңілгенде тұрған ештеңе жоқ. Алда әлі талай жарыстар бар, енді бәріне сәттілік тілеймін.
Кездесуден кейін облыс айтыскерлерінің басын қосатын кабинеттің ашылу салтанаты өтті. Тұсаукесер рәсімін айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, Павлодар облысының Құрметті азаматы Бейсенбі Мұқажан, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Құдайберлі Мырзабек өткізді.
Айтыстың қара нары атанып кеткен Бейсенбі Мұқажан суырыпсалмалық өнерімен жырдан шашу шашты.
Айта кетейік, шараға айтыс көшін өрге сүйреген ақындар, жас айтыскерлер мен жыршы-термешілер қатысты.
Қымбат Садық