Тереңкөл аудандық кітапханасында құнды әдеби мұраларды цифрландыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Сирек кітаптар мен жергілікті ақын-жазушылардың еңбектерін сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуге заманауи технологиялар үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Цифрлық жинаққа тек әдеби шығармалар ғана емес, сонымен қатар тарихи құжаттар мен аудандық газеттер де енгізілуде. Мысалы, қазіргі «Заря» газетінің іргетасы 1935 жылы қаланған, ол сол кезде «Максимо-Горьковец» деп аталған. Енді Тереңкөл тұрғындары осы газеттің ескі материалдарын электронды түрде оқып, аудан тарихымен жақынырақ таныса алады.
ЖАННАТ ҚАШЫТОВА, КІТАПХАНАШЫ
Сирек кітаптар дегеніміз – бұл аз данамен жарық көрген және бүгінге дейін сақталып келген кітаптар. Олар көркем және ғылыми құндылыққа ие еңбектер.
Цифрландыру жобасы білім беру мекемелері үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда. Бұл бастама студенттер мен оқушылардың білім көкжиегін кеңейтуде. Аудандық кітапхана мұрағатында 1888, 1923 және 1932 жылдардағы сирек кітаптар сақталған.
ЖАННАТ ҚАШЫТОВА, КІТАПХАНАШЫ:
Біздің қорымыздағы ең көне және сирек кітап – 1888 жылы жазылған. Бұл оқырманымыздың сыйға тартқан еңбегі. Бұл кітап ескі неміс тілінде жазылған. Үлкен коллекцияның бөлігі болған және оның атауы «Мен не істеуім керек?» деп аударылады. Сонымен қатар кітапта оның иесінің қолжазбалары да сақталған.
Цифрландыру жұмысы шығармаларды бүлінуден сақтап қана қоймай, оларды оқырмандарға ыңғайлы түрде ұсынуға мүмкіндік береді. Цифрлық жинақ Тереңкөлдің ғана емес, әлем әдебиетінің құнды туындыларымен танысқысы келетін кез келген адам үшін қолжетімді.
Бұл әдіс материалдарды сақтап қана қоймай, оларды қазіргі оқырмандарға кез келген уақытта және кез келген жерде зерттеуге мүмкіндік береді. Цифрландырылған барлық басылымдар арнайы мұрағатта сақталады.
Сабина Жолдаспаева