Полицейлердің негізгі міндеті – заңды сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Ішкі істер министрлігі кез келген заң бұзушылықтың жазасыз қалмайтынын қадағалау үшін бақылауды күшейтті. Бұл жұмыстар барлық азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған.
Полицияның мақсаты – заң бұзған әрбір азаматты жауапқа тарту. Бұл ретте адамның қызметі мен әлеуметтік жағдайына қарамай, заң бірдей қолданылады. Сонымен қатар, патрульдік полиция қызметкерлері заң талаптарын қатаң сақтап жұмыс істейді.
ШЫҢҒЫС АЛЕКЕШЕВ, ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
Өзіндік қауіпсіздік департаменті жедел басқару орталықтары мен патрульдік қызметтің жұмысын белсенді қадағалауда. Жедел басқару орталықтары патрульдік полицейлердің жұмысын тәулік бойы бақылауда ұстайды. Қызметкерлер өздігімен сөндіре алмайтын «смартжетондармен» жабдықталған. Бұл құрылғылар белгіленген талаптардан ауытқуға мүмкіндік бермейді, барлық әрекеттер үнемі жазылып отырады.
Сонымен бірге бейнебақылау камераларының деректерін талдайтын жүйе қолданылады. Бұл жүйе жасанды интеллектпен біріктірілген. Ол кез келген құқық бұзушылықты анықтайды және оған жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді.
ШЫҢҒЫС АЛЕКЕШЕВ, ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
Полицияның жұмысы әрбір заң бұзушыны оның мәртебесі мен лауазымына қарамастан тиісті жауапкершілікке тартуға бағытталған. Ешкімге ешқандай артықшылық берілмейді. Патрульдік полицейлер заң талаптарын қатаң түрде сақтайтынын атап өткім келеді. Олардың тарапынан кез келген заңсыз әрекеттер үшін сәйкесінше жауапкершілік көзделген. Біз азаматтарды заңды сақтауға, полицейлердің заңды талаптарын орындауға, лауазымды тұлғаларға пара ұсыну әрекеттеріне бармауға шақырамыз. ІІМ және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет арасында тиісті меморандумға қол қойылғанын еске саламын. Оның аясында жемқорлықпен күрес одан әрі нығая түспек.
Егер сiз полиция қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттерінің куәсі болсаңыз, дереу ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаментіне немесе 1402 сенім телефонына хабарласыңыз.
Сабина Жолдаспаева