Махаббат пен жанашырлық, сүйіспеншілік пен бауырмалдылық. Көрмеде қойылған фотосуреттерден осы сезімдерді көруге мүмкіндік болды. Бала асырап алған отбасылардың фотокөрмесіне 15 жанұя қатысты.
Павлодар қаласының бала асырап алған отбасылары ерекше шараны қолға алды. Олар көркемсурет музейінде отбасылардың фотосуреттерінен көрме ұйымдастырды. Шараны қолға алғандардың қатарында Салтанат Сипатилова да бар. Ол да өзге жанұялар сияқты қамқоршылыққа бала алған.
САЛТАНАТ СИПАТИЛОВА, «АНА ҮЙІ» ҚҚ ӨҢІРЛІК МАМАНЫ
Біз 5 жыл бұрын бала асырап алдық. 2 бала алдық. Қазір қыз бала 20 жаста, ер бала 14 жаста. Өзіміздің туған 3 баламыз бар. Мен патронаттық ата-аналар клубында жұмыс жасаймын. Оған еліміздің 300-ге жуық отбасысы кіреді. Осы ретте Павлодар қаласының бала асырап алған отбасылары арасында фотокөрме ұйымдастыруды жөн санадық.
Фотокөрменің ерекшелігі әр суретте кю-ар коды болды.
САЛТАНАТ СИПАТИЛОВА, «АНА ҮЙІ» ҚҚ ӨҢІРЛІК МАМАНЫ
Бүгін бізде 15 отбасы қатысып жатыр. Павлодар қаласынан ғана емес, өңіріміздің басқа қала, ауылдарынан келді. Фотосуреттердегі кю-ар кодты бассаңыз онда отбасы жайлы бейнеролик ұсынылады. Яғни отбасында неше бала бар, немен айналысады сол ақпараттың барлығы шығады.
Соңғы кезде бала асырап отырған отбасыларда түрлі жағдайлар орын алып, жиі сын айтылатын болды. Бірақ, ұйымдастырушылар бұл көпке топырақ шашумен тең дейді. Негізі Павлодар облысында жалпы 950 бала түрлі формада асырап алынған.
Самал Қалиқызы