Тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан көбінесе әйелдер мен балалар жапа шегеді. Осы ретте балаларға өз құқықтары мен істеген істері үшін жауапкершілігін жастайынан түсіндірген абзал. Бұл мақсатта шаһар мектептерінде құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында кездесу ұйымдастырылды.

Біздің қоғамда буллинг, кибербуллинг және лудомания сынды терминдер жиі айтылатын болды. Әсіресе балаларға қатысты жыл басынан бері 900-ге жуық заңбұзушылық тіркелген. Осы ретте қаламыздағы №14 мектепте Әділет департаменті, полиция басқармасы, психологтардың қатысуымен кездесу өтті.

АСЛАНА БАЙЗАҚОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АУМАҚТЫҚ АУДАНАРАЛЫҚ МӘЖБҮРЛЕП ОРЫНДАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ

Бүгінгі таңда Әділет департаменті кезекті рет жастарға заң аясында кеңес беру мақсатында осында шараға қатысып жатыр. Бәріміз білеміз 2023 жылдың 17 маусымында Мемлекет басшысы жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру жұмысын белсенді етуге тапсырма берді. Осы ретте біздің департаментпен тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Түрлі алаңдарда жастармен, студенттермен, оқушылармен кездесіп, өз құқықтарын қорғау, заңбұзушылық кезіндегі жауапкершілік тақырыбында түсіндірме жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Павлодар қаласында өткен жылы тұрмыстық зорлық зомбылық бойынша 34 қылмыс болса, биыл ол 56 қылмысқа жеткен. Оны полицейлер заңдардың әкімшілік кодекстен қылмыстық кодекске ауысуымен байланыстырып отыр.

БАҚЫТЖАН ТҰРСАРИНОВА, ПБ ЖПБ ӘЙЕЛДЕРДІ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТАН ҚОРҒАУ ТОБЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ

Өткен жылғы заңнамадағы енгізілген өзгерістерге қатысты ӘҚБК-тағы басты отбасын қарастыратын екі бап Қылмыстық кодекске өткен болатын. Осы баптар енгізілгелі бері отбасындағы қылмыстар саны ұлғайды. 56 қылмыс орын алып отыр. Сонымен қатар, отбасында жәбір көрген әйелдер саны артып отыр. 3 мыңнан аса азамат жауапкершілікке тартылып отыр.

Осылайша әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобына 62 әйел жүгініп, олар дағдарыс орталығына орналастырылды. Ол жерге жәбір көрген келіншектер мен балалар тиісті психологиялық, әлеуметтік көмек алды.

Самал Қалиқызы