«Ақсу» футбол командасының спортшылары ай сайын 3-4 млн теңге жалақы алып отырған. Бұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті жүргізген сыртқы анализ кезінде анықтаған. Толығырақ тілшіміз жалғастырсын.

2024 жылы департаментте 68 қылмыс, оның ішінде бюджет қаражатын ұрлаудың 26, парақорлық фактілерінің 27 қылмысы тіркелді. Ағымдағы жылы департаментпен 5 сыртқы анализ және 5 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілді. Туризм бойынша департамент қазір сыртқы сараптама жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал, спорт бағытында бірқатар бұзушылықтар анықталған.

МЕДЕТ ӘМІРАЛИНОВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

Спорт басқармасына қарасты ведомствалық ұйымның басшысы бұрынғы спорт басқармасының басшысымен туыстық қарым-қатынасы бары анықталды. Біздің ұсыныс бойынша ведомствалық ұйымның басшысы жұмыстан шығарылды.

Сондай-ақ, жол жабындысын күрделі ауыстыру жұмыстарын ағымдағы жөндеу жұмыстары деп өзгерткен фактілер анықталды. Оның себебі, ағымдағы жөндеу жұмыстарына жобалық сметалық құжаттама, мемлекеттік сараптама құжаттары қажет емес. Міне, бюджеттік қаражатты жымқырып қалудың мың түрлі айла-тәсілдері бар екенінін тағы бір дәлелі.

МЕДЕТ ӘМІРАЛИНОВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

Сыртқы анализбен бұзушылықтар анықталды. «Ақсу» футбол командасындағы легионерлерге төленетін жалақы шамадан артық болған. Жыл сайын бір ғана «Ақсу» футбол командасы қаржыландырылып отырған. Бірақ тиісті нәтижелер болмаған. Қаржыландыру жылына 1 млрд теңгеден асқан. Яғни спортшылардың ай сайынғы жалақысы 3,4 млн теңгеден жоғары болып отырған.

Осы ретте, департамент қызметкерлері қандай да бір сыбайлас, жемқорлық фактілері тіркелсе 1424 нөміріне хабар беруге шақырады.

Самал Қалиқызы