Павлодарлық дәрігер ұшақ бортында жолаушының өмірін құтқарып қалды. Ташкенттен Астанаға бағыт алған әуе рейсте жолаушылардың бірі өзін нашар сезініп, шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болды. Осы сәтте Павлодар қаласының анестезиолог-реаниматолог дәрігері - Мұрат Сүлейменов жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, өмірін арашалап қалды.

Оқиға 28 желтоқсан күні рейстің жарты жолда ұшып бара жатқан кезінде орын алған. Жолаушы әйелдің жағдайы нашарлап, есінен танып қалды. Жерлесіміз дереу әрекет етіп, қажетті шараларды қабылдады. Бір сағаттан астам уақыт бойы ол науқастың жанында болып, қан айналымын тұрақтандыру және тыныс алуын қалыпқа келтіру үшін барлық мүмкіндік жасады.

МҰРАТ СҮЛЕЙМЕНОВ, АНЕСТЕЗИОЛОГ-РЕАНИМАТОЛОГ ДӘРІГЕРІ

Мен креслода отырған едім. Кенет айқай естілді. Алдымен бала жылағандай, өте қатты дауыс шықты. Сосын сол әйелдің жұбайы «салонда дәрігер бар ма?» деп айқайлай бастады. Мен жақындап бардым, әйелдің есінен танып қалғанын көрдім. Алдымен оның тамыр соғысын тексердім. Содан кейін бортсеріктен тонометр әкелуін сұрадым. Қан қысымын өлшедік, қысымы төмен болып шықты. Одан кейін қан қысымы төмендегенде жасалатын стандартты әрекеттерді қолдандым. Кейінірек нашатыр спиртін әкеліп, әйелге иіскеттім.

Ұшақ пилоттары әйелдің өміріне қауіп төніп тұрғанын ескеріп, рейсті жарты жолдан Ташкент әуежайына қайтару туралы шешім қабылдады. Ұшақ сәтті қонғаннан кейін, жолаушы жергілікті ауруханаға жеткізілді. Қазіргі таңда әйелдің жағдайы жақсарып, ол отбасымен бірге жақын күндері Қазақстанға оралады.

Сабина Жолдаспаева