Қалаға ақша қар толассыз жауды. Осыған орай көшелерде жаяу жүргіншілер үшін қиындық туып отырғаны белгілі. Орталық көшелер күрелгенімен, техника аула ішіне жетпейді деп шағымданады тұрғындар. Бұл бағыттағы жұмыс қарқынды ма? Тілшіміз зерделеп көрді.
Өздеріңіз білетіндей соңғы күндері қалаға қар мөлшері көп түсті. Иә, қалың жауған қар біреулерге қуаныш, біреулерге мәселе. Сәйкесінше көшелер мен аулаларда қозғалыс қиындайтыны белгілі. Сондықтан, осы мақсатта тұрғындар пікірін білген едік. Олар аула ішілік аймақта тазалау жұмыстары көңілімізден шықпайды деп отыр.
Мереке күндерін қосқанда қала сыртына 15 мың тонна қар шығарылған. Ол үшін 30 техника жұмылдырылыпты. Жол жиектері мен аялдамалар, сонымен қатар жаяу жүргіншілер өткелдерін ақ ұлпадан тазарту үшін 250 адам күндіз түні жұмыс істейді. Алдымен орталық көшелер қардан тазаланады. Бұдан бөлек, жолдағы қауіпсіздік үшін құм шашу жұмыстары да жүргізіліп жатыр.
БАУЫРЖАН ӘБІЛҚАСЫМОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ТҮКШ ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫНЫҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ
Қазіргі уақытта алдымен көшелерге арнайы материалдарды себеміз, одан кейін сыпырғыш машиналар тазалайды, таңертен қар жинап алынады. Тәулік бойы жұмыс істеп жатыр қызметкерлер. Түнде 5 бригада, 5 қар тиеуші көліктер, 30-ға жуық камаз шығады. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша әр шағынаудандарға қар тазалайтын техникалар бөлінген. Әсіресе, осы жолы кварталішілік аумақтарда жұмыс күшейтілді. Қазір онда 40 техника мен 80 адам жұмыс істейді.
Естеріңізге салсақ, жеке тұлғалар мен шағын және орта бизнес өкілдері іргелес аумақтарын қардан тазалауы тиіс. Өздеріне тиесілі ғимараттарының айналасындағы қарды тазаламаған кәсіп иелеріне айыппұл салынады. Бірінші жолы ескерту берілгенімен екінші жолы қалтаға біраз салмақ түсірерлік жаза қолданылады.
ФЁДОР ПАШКОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ №10 УЧАСКЕЛІК ПУНКТІҢ ИНСПЕКТОРЫ
Тұрғындар қаланы абаттандыру жөніндегі заң бар екенін білгендері жөн. Мысалы, жеке сектордың иесі ғимаратының алдындағы қарды жинап алып, жол жиегіне шығарып тастаса ережені бұзады. Мұндай жағдайда алдымен ескерту беріледі, егер бұл екінші рет қайталанса айыппұл салынады. Яғни, кәсіп иесі 20 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі.
Сондықтан, қаланың тазалығы мен қауіпсіздігі үшін баршамыз жауапты екендігімізді естен шығармаған абзал.
Қымбат Садық