Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде танымал жерлесіміз, педагог-ғалым, Ұлы Отан соғысының ардагері Төлеутай Ақшолақовтың 110 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен оқушылар қатысты.
Төлеутай Ақшолақов – республикалық «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының тұңғыш редакторы әрі қазақ әдебиеті оқулығының алғашқы авторы. Оның еңбектері әлі күнге дейін педагогикалық әдістемеде өзекті болып келеді. Шараға ғалымның ұлы, өмірі мен еңбегін жалғастырушы Мейрам Ақшолақов арнайы қонақ ретінде қатысты. Кеш барысында ұлының иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді.
МЕДЕТ ТАУАСҚАН, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Сізбен бізге өткен ұлы тұлғаларды, тек қана жазушы әдебиет қана емес, қай бір салада қызмет етіп,өзінің жетістігіне жеткен азаматтарды дәріптеп отыру дұрыс деп ойлаймын. Себебі жоқтаушысы жалпы өңірдің зиялысының жоқтаушысы осы музей болу керек. Сол себепті де бүгін міне осындай ұлы тұлғаның мерейтойына жиіліп отырмыз. Құтты болсын.
Мейрам Ақшолақов әкесінің еңбекқорлығы, қазақ тілін дамыту жолындағы қажырлы еңбегі мен ұлт болашағы үшін жасаған қызметтері туралы тебірене әңгімеледі. Кеш барысында ғалымның өмірі мен шығармашылығы, оның қазақ тіл білімі мен әдебиеті саласына қосқан зор үлесі кеңінен сөз болды.
МЕЙРАМ АҚШОЛАҚОВ, ТӨЛЕУТАЙ АҚШОЛАҚОВТЫҢ ҰЛЫ
Әкем еңбекқорлығы мен қабілеттерінің арқасында жақсы маңсап құрды. Ол әрдайым мүмкіндігін пайдаланып, кезекті қадам жасап отырды. Бұл үшін ол бірнеше рет жұмыс орнын ауыстырып жүрді.Әкем өте бақытты адам еді. Себебі ол отбасын және жастарды жақсы көрді. Одан бөлек, өзінің сүйікті ісімен айналысты. Әкем өзінің алғашқы кітабын 1938 жылы шығарды. Бұл оқушыларға арналған қазақша-орысша сөздік болатын. Бүгін мен музейге әкемнің мемлекеттік наградаларының көшірмесін тапсырдым. Сондай-ақ оның өмірінде жасалған медальдар мен фотосуреттерді де әкелдім.
Шара барысында ғалымның жеке өмірінен сыр шертетін естеліктер айтылып, деректі материалдар көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушылар Төлеутай Ақшолақовтың ғалымдық қырынан бөлек, Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктері мен ел дамуына қосқан үлесін де атап өтті.
Кеш соңында шара әсерлі концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Сабина Жолдаспаева