Мемлекет басшысы Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Мұхаммед Джалуд әл-Шаммари мен Азия ауыр атлетика федерациясының президенті Мұхаммед Юсуф әл-Мананы қабылдады. Президент елімізде спорттың осы түрі ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Бүгінде 20 мыңнан астам отандасымыз ауыр атлетикамен жүйелі түрде айналысады. Өз кезегінде Азия федерациясының президенті Астана, Алматы қалаларында ауыр атлетикадан Орталық Азия елдері үшін өңірлік хаб құруға қажетті жағдай жасалғанына тоқталды. Ал Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Лос-Анджелес Олимпиадасының лицензиялық турнирін өткізуге Қазақстанның мүмкіндігі мол екенін жеткізді. Кездесу соңында Президент ауыр атлетиканы ілгерілетуге үлес қосқаны үшін қос мейманды ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.