Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25% деңгейінде сақтап қалды. Мұндай шешім қабылдауға инфляцияның өсуі мен теңгенің әлсіреуі себеп болған. Сондай-ақ, әлемдік азық-түлік бағасының шарықтауы мен еліміздің негізгі сауда серіктесі Ресейдегі инфляцияның күшеюі де оған біршама әсер еткен. Базалық мөлшерлемеге қатысты Ұлттық банктің кейінгі жоспары қандай?
Елімізде инфляция соңғы айларда қайта өсті. Желтоқсанда ол 8,6 пайызға жеткен. Оған ең алдымен тамыз айынан бастап азық-түлік бағасының қымбаттауы мен коммуналдық тарифтердің өсуі түрткі болды, дейді Тимур Сүлейменов. Барлық қауіп-қатердің алдын алу үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені сол күйінде қалдыру туралы шешім шығарды.
ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ ТӨРАҒАСЫ:
Шешім ішкі және сыртқы ортаны, инфляциялық және экономикалық процесстерді ескере отырып, қабылданды. Сыртқы ортада баға қысымы артуда. Оған еліміздің негізгі сауда серіктесі Ресейге инфлияцияның күшеюі себеп болуда. Сонымен қатар, соңғы айларда жетекші экономикаларда да инфляция өсуде. Дамушы елдердің валюталарына, оның ішінде теңгеге қысым артуда.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, Ресейдегі инфляция да Қазақстан экономикасына қысым көрсетуін жалғастырып келеді. Экономикалық көрсеткіштердің 6,2 пайызға, яғни шамадан тыс артуы да бағаның өсуіне және тауар тапшылығына әкелуі мүмкін.
АҚЫЛЖАН БАЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Инфляцияны 5% ке дейін жеткізуге тәуекелдер бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан, қазір ставканы төмендетуге болмайды. Егер жағдай жақсармаса, біз ставканы тағы да көтеруіміз мүмкін. Жоғары ставка баға өсуін тежеуге көмектеседі. Бұл халыққа да, бизнеске де тиімді.
Ұлттық банк алтын сатып алуға байланысты операциялар аясында доллар сатуды көздеп отыр. Бірақ бұл шара валюта нарығына араласу болып саналмайды. Мақсат – экономикадағы артық ақша массасын азайту. Қажет болған жағдайда орталық банк инфляцияны тежеу үшін ақша-кредит саясатын қатаңдатуға да дайын.