Былтыр обыста 30 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылған. Оның 74 пайызы тұрақты жұмыс орындары. Жұмыспен қамтылғандардың 94 пайызында міндетті зейнетақы аударымдары бар. Жалпы, бұл бағытта барлық қалалар мен аудандар жоспарды орындады деді облыстың осы салаға жауапты басқармасының басшысы. Аппараттық жиыннан тілшіміз тарқатады.
Жиында елдің екі қолға бір күрек табуы жолында атқарылған 2024-жылғы шаралар өз мақсатына жеткендігі айтылды. Азаматтарды жұмыспен қамту мемлекеттің алға қойған негізгі мақсатына, межелі міндетіне айналды. Мақсатқа жетіп, міндетті орындау жолында жол картасы жасалып, бірқатар бағдарламалар құрылды. Өткен жылдың нәтижесі жаман емес. 2025 жылдың жоспары да ауқымды.
Жұмыс орындарын ұсынудан бөлек, кәсіп қылып нәпақа тапсам деген жандарға да мемлекет тарапынан демеу бар. Көмек әлеуметтік осал топқа көбірек көрсетілмек. Мәселен, бизнес идеясы бар аз қамтылған отбасыларға 400 АЕК көлемінде грант берілмек. Бөлінген гранттар саны 443.
Облыс әкімі Асайын Байханов қоныс аударушыларға барлық жағдай жасалуы керектігін айтты. Баспана мен жұмыспен қамту бірінші кезекте. Сонымен қатар, тұруға жарамды үйлері бар және жеке іс бастауға мүмкіндігі ауылдар тізімін қалыптастыру керектігін айтты.
Биыл ел бойынша жұмысшы мамандықтар жылы. Павлодар облысы үшін айтарлық маңызды болуы тиіс. Өйткені, өңіріміз жұмысшы мамандықтарға тәуелді кәсіпорындар көп шоғырланған аймақ.
Жұмысшы мамандықтардың қажеттігін насихаттау мақсатында бірқатар шаралар атқарылмақ. Еңбек әулеттері әспеттеліп, еңбек адамдарының күнделікті өмірі БАҚ беттерінде көптеп жарияланбақ. Жұмысшы мамандықтар даярлайтын оқу орындарына қолдау көрсетіледі. Осы оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы меморандум аясы кеңейеді.
Аймақ басшысы Ел болып атап өткелі отырған еңбек адамдарына арналған жыл біздің өңірде де дүбірлі деңгейде өтуі керектігін айтты
Жанасыл Серікбол