Бақытты отбасының кілті – бірлік пен татулықта. Бұл сөз 70 жыл отасқан Бәйтен ата мен Балшақар апа әулетінің айнымас бағдарына айналған. Көпке үлгі боларлық жанұямен әріптесім Қымбат Садық танысып қайтты.

91 жастағы атамыз бен 87 жастағы әжеміз 70 жыл бірге отандасып. үлкен той тойлады. Қазыналы қарттарымызбен жүздесудің сәті туып, Мойылды ауылындағы шаңыраққа бас сұқтық. Ордалы отбасының тірегі Бәйтен Төлеуов қасиетті Мерғалым ауылының тумасы, қазір Аққулы ауданының Құрметті азаматы. Ол жас күнінен бастап 70 жасына дейін тракторда отырып, егін шаруашылығының дамуына үлес қосты. Қазір бейнетінің зейнетін көріп отыр.

Отанасы әулетке небәрі 16 жасында келіп болып түскен. Содан бері ақжаулықты әжеміз ғұмырын саналы ұрпақ тәрбиелеуге арнаған. Жұбайымен 10 бала, 25 немере, 41 шөбере мен шөпшек сүйіп отыр.

Балаларының тұңғышы 67 жаста. Олда отбасын құрып, әже атансам да ата-анамызға әлі баламыз дейді. Қазір барлық балалары өсіп-өніп, сан салада қызмет етеді. Мәуелі бәйтерек асыл жандарымыз бар байлығымыз деп біледі.

Елге сыйлы әулет туралы туыстарынан тек оң пікір ғана естуге болады. Олардың еңбекққорлығын, қарапайымдылығын, отбасындағы тәлім-тәрбиені де жыр қылып айтады.

 «Құт қонып, қыдыр дарыған». Қазақ халқы өз ортасында қадірлі, сыйлы әулетті осылай деп дәріптеген.Ендеше тамырын тереңге жайған Төлеуовтер әулеті де берекелі отбасы деген атқан әбден лайық.

Қымбат Садық