Туған жерге оралып, өзі қызығатын салада еңбек етіп жүрген жан. «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында біз еңбек адамдары туралы айтуды жалғастырамыз. Келесі сюжетіміздің кейіпкері – Ақтоғай ауданындағы құрылысшысы маман.
Бағұстар Шаймұрат «Ақтоғай Агро» серіктестігінде прораб болып жұмыс істейді. Осыдан 15 жыл бұрын облыс орталығындағы құрылыс компанияларының бірінде бірнеше жыл еңбек еткен. Бірақ, 2012 жылы ауылға оралды.
БАҒҰСТАР ШАЙМҰРАТ, ҚҰРЫЛЫСШЫ
Содан бері осында жұмыс істеймін. 2021 жылдан бері прорабпын.
Павлодарда жұмыс істеп жүргенде іссапарларға көптеп шықтық. Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы, Астана шыны зауыты, оқушылар сарайының құрылысына қатыстым.
Ақтоғайға оралған соң барлық тәжірибесін туған жердің гүлденуіне арнап келеді.
БАҒҰСТАР ШАЙМҰРАТ, ҚҰРЫЛЫСШЫ
Өткен жылы Жалаулыны су басып, жаңа бес үй салдық. Ондағы адамдар риза деп ойлаймын. Біздің салаға жастар аз да болса келіп жатыр. Оларға бәрін үйретеміз. Бұл өте қызықты мамандық. Барлығының бастауында құрылыс тұр. Биыл бір ангар, Ақжолда далалық станса, тағы бір көкөніс қоймасын салуды жоспарлап отырмыз.
Кейіпкеріміз ешқандай қиындықтан қорықпайды. Білім, біліктілік, тәжірибе болса, оны дұрыс пайдалана білсең болғаны, дейді Бағұстар Шаймұрат.
БАҒҰСТАР ШАЙМҰРАТ, ҚҰРЫЛЫСШЫ
Жалғыз қиындық - қыстың суығы мен жаздың ыстығында жұмыс істеу. Бірақ, жұмысқа деген қызығушылығыңыз болса, бұның бәрін жеңуге болады. Мен әрқашан қуанышты жағдайда жұмыс істеймін.
Бағұстардың 14 жасар ұлы мен 11 жасар қызы бар. Олар әке жолын қуады деп айтуға әлі ерте. Кейіпкеріміздің өз де отбасында алғашқы болып, құрылысшы мамандығын таңдаған.
Жанасыл Серікбол