Биыл жылу беру маусымы әдеттегіден ертерек аяқталды. Бұған себеп –магистральдық және кварталдық жылу желілерінде жүргізілетін жоспарлы жөндеу жұмыстары. Орталық жылу жүйесінің тоқтатылуы салдарынан тұрғындар тұрмыстық электр құрылғыларын қосуға мәжбүр. Су жылытқыштар мен электр пештеріне түсетін жүктеме күннен күнге артып келеді. Мамандардың айтуынша, бұл құралдарды қолдануда қарапайым қауіпсіздік ережелерін ескермеу – түрлі оқыс жағдайларға себеп болуы мүмкін. Сондықтан, қандай қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн?
Сәуір айының өткен аптасында күн күрт суытып, қар-жаңбыр жауып халықты әбігерге салды. Ал қалада жылыту маусымы болса биыл ерте аяқталды. Алайда көпқабатты үйлерде пәтер ішіндегі температура төмен, сондықтан көбі амалсыздан электр пешін пайдалануға мәжбүр.Осы орайда, демалыс күндері электр құралдарының қызып кетуінен өрт жағдайлары да көптеп тіркеліпті.
Арман Арын, Павлодар қаласы ТЖБ бас маманы
Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап Павлодар қаласының аумағында 57 өрт пен жану орын алды. Ауа райының төмендеуіне байланысты тұрғындардың көбі электр құралдарын және жылытқыштарды қолдана бастады. Осыған байланысты электр желісіне жүктеменің артуына байланысты және тұрғындардың электр жылытқышты тұрғындардың дұрыс пайдалана алмағынан кейін өрттер саны арта түсті.
Электр пеші – үйді жылыту үшін ыңғайлы құрал болғанымен, оны дұрыс пайдаланбаса, қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай оқиғалар әсіресе сым жүйелері көп үйлерде жиі кездеседі. Бұл алдымен тұрғындардың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіреді.
Арман Арын, Павлодар қаласы ТЖБ бас маманы
Электр жылытқыштарды қолданар кезде, оларды орнату кезінде жиһаздардан, перделерден және т.б жанғыш заттардан алыс жерге қою керек. Мысалы, үйде қарт адамдар немесе кішкентай балалар бар болса, жабық жылытқыштарды пайдаланған дұрыс. Бір электр көзіне екі электр құрылғысын қоспаған дұрыс. Жылытқыштарды тек ғана зауыттарда істелінген, жарамды күйде ғана пайдалануға болады.
Сондай-ақ , электр пештерін немесе басқа да тұрмыстық құралдарды қолданар алдында олардың техникалық жағдайын тексеріп, сымдарының бүтіндігіне назар аудару керек. Сонымен қатар, электр құралдарын ұзақ уақыт бойы қадағалаусыз қалдырмай, олардың жанында жанғыш заттарды алыс ұстаған жөн.
Қымбат Садық