Жыл басынан бері облыста 600-ден астам ұсақ бұзақылық тіркелді. Бұл тек бейнебақылау арқылы анықталған фактілер. Қоғамдық тәртіпке немқұрайлы қарағандар көбіне жерге қоқыс тастап, ескерту алды.

Павлодар қаласындағы Қайырбаев көшесінде бір азамат темекі тұқылын қоқыс жәшігіне емес, жерге тастаған. Бұл сәтті жедел басқару орталығының камерасы жазып алған. Полицейлер дереу әрекет етіп, құқық бұзушыны жауапкершілікке тартты.Тағы сол көшеде бір тұрғын бейнекамераға түсіп қалды. Ол да шылым шегіп, темекі қалдығын жол жиегіне тастай салған. Қоғамдық тәртіпке қол сұғатын мұндай әрекеттерге заңмен тыйым салынған. Полиция қызметкерлері «Таза Қазақстан» бастамасын қолдай отырып, тәртіп бұзушылармен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Айта кетейік, жыл басынан бері тәртіп сақшылар 600-ден астам ұсақ бұзақылықтың жолын кесті.

Сабина Жолдаспаева