Облысымызда мемлекеттік қызметтердің қолжетімдігі мен сапасын арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Цифрландыру және түсіндіру жұмыстарының арқасында өңір тұрғындары қажетті қызметті тез, ыңғайлы әрі қауіпсіз ала алады. Толығырақ әріптесім жалғастырады.

Облыс тұрғындарына 400-ден аса мемлекеттік қызмет түрі қолжетімді. Оның ішінде 180 қызметті жергілікті атқарушы органдар көрсетсе, тағы 227-сін орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері ұсынады. Бұл әрбір азаматтың көмекті жылдам әрі ыңғайлы алуы үшін жасалған.

Азамат Жүнісов, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары

 «2025 жылы шамамен 11 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 90,3%-ы электрондық форматта ұсынылды, бұл цифрландыру деңгейінің жоғары екенін байқатады. Мемлекеттік корпорация арқылы қызметтердің 8,7%-ы көрсетілді, ал небәрі 0,3%-ы қағаз форматында ұсынылды. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау мақсатында департамент тарапынан 63 тексеріс жүргізілді, оның ішінде 14 жоспарлы және 49 жоспардан тыс болды. Департмент мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімін бұзу және негізсіз бас тартулар бойынша лауазымды тұлғаларға қатысты 21 әкімшілік хаттама толтырды. Әкімшілік жауапкершілікке 98 мемлекеттік орган қызметкері тартылды. Нәтижесінде бюджетке 1,4 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді.»

Түсіндіру жұмыстарына да ерекше мән беріледі. Былтыр осы бағытта тұрғындар үшін оқыту семинарлары, интернет-конференциялар мен тікелей эфирлер ұйымдастырылды. Аталған шаралар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етіп, нәтижесінде азаматтарға мемлекеттік қызметті пайдалану бұрынғыдан да жеңіл әрі ыңғайлы бола түсті.

Азамат Жүнісов, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары

 «Қызмет алушылар арасында түсіндіру жұмысын жүргізуге айрықша назар аударылады. Өткен жылы 15 мыңнан астам адамды қамтыған 112 оқыту семинары өтті, бұқаралық ақпарат құралдарында 185 материал жарияланды, мемлекеттік қызметтер мәселелері бойынша интернет-конференциялар, мемлекеттік қызметтер жәрмеңкелері және тікелей эфирлер ұйымдастырылды.»

Осылайша, бақылау, түсіндіру және электронды сервистерді қолдану өңір тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді заманауи әрі қолжетімді түрде алуға мүмкіндік береді. Бұл қызмет көрсетудің ыңғайлылығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді.

Жұлдыз Қабылденова