Көктем келсе де Солтүстік өңірлерде қыс ызғары әлі қайтқан жоқ. Облыс орталығында көшелерді қалың қардан тазалау жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде еңбек етуде. Күн сайын қала көшелерін тазалауға шамамен 250 жұмысшы мен 300-ге жуық арнайы техника жұмылдырылады.

Қар қалың жауған күндері жұмыс қарқыны артып, техникалар мен мамандар саны көбейеді. Маусым басталғалы қала аумағынан 590 мың тоннаға жуық қар шығарылған. Көктайғақтың алдын алу үшін жолдың жүру бөліктері мен тротуарларға арнайы инертті материал себіледі.

Мақпал Қаржаубай, Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы

Автобус және трамвай аялдамаларындағы отырғызу алаңдары, жаяу жүргіншілер жолдары мұз бен тығыздалған қардан тазартылды. Бұдан бөлек, жеке сектор аумақтарын тазалау жұмыстары да тұрақты түрде жүргізілуде. Қазіргі уақытта Павлодар қаласының аумағы 8 шағын ауданға бөлінген. Әр шағын ауданға қар мен мұзды тазалауға жауапты жеке бригада бекітілген. Бір бригаданың құрамында 2 самосвал, 1 тиегіш және 5 жұмысшы бар. Тазалау бойынша өтінімдерді 109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі @akimat.pavlodar және қала әкімі @khassarkhabylbekov парақшалары арқылы қалдыруға болады.

Аулаішілік аумақтарды тазалауға күн сайын 16 техника, 8 тиегіш және 40 жұмысшы жұмылдырылады. Жыл басынан аулалардан 800 тонна қар шығарылды. Айта кетейік, тұрғын үйден 5 метр радиустағы аумақты тазалау – қызмет көрсетуші ұйымдардың міндеті. Ал кәсіпкерлік нысандар өздеріне тиесілі аумақтың тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс.

Сабина Жолдаспаева