Павлодар облысында су тасқынын алдын алу бойынша арнайы штаб құрылды. Төтеншеліктер өңірдегі су басу қаупін 3 аймаққа бөлді. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде айтылды.

Павлодар облысында су басу қаупі жоғары аймақтар – Баянауыл, Ертіс, Железин, Ақтоғай, Тереңкөл аудандары. Ал, Успен мен Павлодар аудандары қауіптілігі төмен санатқа кірді. Су тасқының алдын алу бойынша қолға алынатын жұмыстарға ТЖД бастығы тоқталды.

Рүстамбек Әмрин, Павлодар облысы ТЖД бастығы

Жедел әрекет ету мақсатында өңірдің аумағын және азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында ТЖД мен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп облыста жеке құрамнан 1871 адам жұмылдырылады. Төтенше жағдайлар департаментінің күші 4 эшелонға бөлінді. Техникалардың бәрі алдын ала тексерістен өтті. Жанар жағармай дайын, жеткілікті.

Бұдан бөлек, көктемгі су тасқынын алдын алу жұмыстарына 769 бірлік техника , 21 жүзу құралы және 357 мотопомпа және 1 ұшақ жұмылдырылмақ. Сонымен қатар, жиында «Қазгидромет» филиалының ақпараты да ұсынылды.

Маржан Құсайынова, «Қазгидромет» ПОФ басшысы

28 ақпанға Павлодар облысында жердің қатуы 146 см, жауын шашын көлемі нормадан 2 есеге жоғары, қардағы судың қоры 60 мм, оның бәрі нормадан жоғары. Өткен жылмен қарағанда биыл барлық көрсеткіш нормадан жоғары.

Су тасқыны қаупі екі факторға байланысты. Бұл қар суы, екінші Ертіс өзенінің тасуы. Ал, «Қазавтожол» басшысы өңірде 4 қауіпті учаске барын айтты.

Облыс әкімі аталмыш жұмыстар жылда өтетін кезең екенін айтып, дайындықты жоғары деңгейде өткізу керек деді.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Жылда бұл өтетін кезең. Әрине қауіпі жоғары. Әкімдер дайындықты бастады. Толықтай үйлестіру керек.

Осы ретте аймақ басшысы көктемгі су тасқынын бақылау жұмыстарын бірінші орынбасары Серік Барлыбайұлына тапсырды.

Самал Қалиқызы