Әлеуметтік инвестициялар – аймақтың тұрақты дамуының маңызды тетігі. Өңір басшылығы тағы бір кәсіпорымен ынтымақтастыққа қол қойып, бірқатар жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты. Толығырақ тілші әңгімесінде.

Облыс әкімі Асайын Байханов пен «Ертіс гидрометаллургиялық комбинатының басшысы әлеуметтік әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Құжат өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған нақты бастамаларды қамтиды. Бизнестің өңір өміріне белсенді араласуы халықтың әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Өңірде ірі өндіріс орны ашылмақ. Тұрғындар, әсіресе шаһар азаматтары үшін мұндай жобалардың әлеуметтік маңызы айрықша. Өйткені өндіріс тек экономикалық өсімнің көзі ғана емес, ол – жаңа жұмыс орындары, халықтың әл-ауқатының артуы және өңірдің тұрақты дамуы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше мән беріп келеді. Бұл біздің облыста да нақты істер арқылы көрініс табуға тиіс. Жергілікті билік пен кәсіпкерлік құрылымдар экономиканы өркендетумен қатар, әлеуметтік саланы да назардан тыс қалдырмай, ел игілігі жолында бірлесе жұмыс істеуі қажет. Алдағы республикалық референдум қарсаңында қолға алынған бұл бастама – билік пен бизнестің ортақ жауапкершілігін айқындайтын маңызды қадам. Жоба жүзеге асқан жағдайда өңірдің өндірістік әлеуеті артып, әлеуметтік тұрақтылығы нығая түспек.

Биыл кәсіпорын әлеуметтік маңызы бар жобаларға шамамен 900 миллион теңге жұмсамақ. Қаражат есебінен үш мектеп пен екі балабақшаға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелері үшін 65 бірлік арнайы техника сатып алынбақ.

Владимир Дудин, «Ертіс» гидрометаллургиялық зауыты ЖШС басшысы

Компания өзін әлеуметтік жауапкершілігі жоғары ұйым ретінде танытып келеді. Негізгі жобамызды жүзеге асыру барысындағы өзара түсіністік пен серіктестік аясында біз Павлодар облысын, соның ішінде қызметкерлеріміз еңбек ететін Павлодар қаласын қолдауды жалғастырамыз. Басты мақсат – өңір мен қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға үлес қосу. Осы бағыттағы ортақ ұстаным мен келісімнің нәтижесі ретінде тараптар бірлесіп меморандум әзірледі.

Әлеуметтік жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Естеріңізге сала кетейік, «Ертіс» гидрометаллургиялық зауыты өңірімізде жоғары сұрыпты алтын өндіретін алпауыт кәсіпорын болмақ.

Әйгерім Тоқпанқызы