Алдағы референдумды өткізуге облыстың үш мыңнан астам тұрғыны ат салысады. Қазіргі уақытта аумақтық референдум комиссиясының мүшелері арнайы оқытудан өтуде. Олардың қатарына іс жүзінде ниет білдірген кез келген адам қосыла алады. Алайда белгілі бір талаптар бар.

Рефернедумға дауыс беру облыста 521 сайлау учаскесінде ұйымдастырылады, оның 140-ы облыс орталығында орналасқан. Жиыны 535 референдум комиссиясы жұмылдырылуда. Қазіргі уақытта дайындық қызу.

Науқанды өткізуге аумақтық және учаскелік комиссиялардың үш мыңнан астам өкілі қатысады. Олар азаматтарға көмек көрсетіп, таңдау білдіру күні барлық рәсімдердің сақталуын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда мамандарды дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Гүлнар Аманжолова, Павлодар облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы

Комиссия мүшелерін біз отырғызып қойып, оларға лекция оқымаймыз. Бұндай технология қазіргі уақытта қолданылмайды. Оның орнына шағын топ құрылып, алгоритм жасалуда. Сол алгоритм бойынша тренерлер сабақ өтеді. Қала бойынша екі рет өтті. Онда жалпы заңдылықтың сақталуы, науқанды дұрыс өткізу үйретіледі.

Сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімі бес жыл. Комиссия құрамына белсенді азаматтық ұстанымы бар, қоғамдық маңызы бар үдерістерге қатысуға ниетті облыс тұрғындары енеді. Сонымен қатар үміткерлерге бірқатар талаптар мен шектеулер қарастырылған. Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін саяси партиялардың ұсыныстары негізінде мәслихаттар сайлайды. Жаңа Конституция жобасы бойынша референдум 15 наурыз күні бүкіл ел бойынша өтеді. Өңіде дауыс беруге құқылы 500 мыңға жуық адам бар.