Павлодарда робототехникадан республикалық чемпионаттың облыстық іріктеу кезеңі өтті. Өңіріміздің аудан-қалаларынан жиналған дарынды да талапты оқушылар заманауи технология саласындағы білімдері мен шеберліктерін ортаға салды. Толығырақ келесі сюжеттен көрейік.
Павлодар қаласының № 25 жалпы орта білім беру мектебінде робототехника чемпионатының облыстық кезеңі өтті. Шара оқушылардың дағдыларын көрсетуге мүмкіндік берді. Қала және аудандық іріктеулердің жеңімпаздары 7 санат бойынша өзара мықтыны анықтады.
Жұлдыз Абаильдинова, «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі
«Чемпионатта командалар 7 санат бойынша бақ сынайды, олар – роботек, инверсиялық сызық бойымен жарыс, жеткізуші робот, мерген, туды жеткізу, сұрыптаушы робот, робобаскетбол». Бұл чемпионатқа қатысу балалардың робототехника және инновациялық технологиялар саласында дамуына мүмкіндік береді, қарым-қатынас аясын және білім көкжиегін кеңейтеді. Қазір ақпараттық технологиялар ғасыры болғандықтан, барлық бала робототехникамен және түрлі ақпараттық технологиялармен айналысуға ұмтылады»
9 бен 17 жас аралығындағы 94 оқушы 47 команда құрамында сайысқа қатысты. Олардың қатарында Баянауыл ауданы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы мектептің оқушылары да бар. Олар жетекшілерімен бірге белсенділік танытып, білімдері мен қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетіп келеді.
Асқар Аюпов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы ЖОББМ физика және информатика пәнінің мұғалімі
«Robotek Grand Tournament» жарысына біз жылда келеміз. Осы облыста іріктеуден өтіп, республикаға барамыз. Өткен жылы, мысалы, 3 командамыз өтті: робобаскетбол, мерген және роботек. Соның роботек командасы республикада 3-орын алды. Қалған екі команда, өздері айтып жатыр, қателіктер болды, көрдік, соны жоямыз деп. Осы жолы тағы да сол 3 команда келіп жатыр қатысып. Үйірме бізде алғашқы рет 2017 жылы келді, 4 жинақ келді. Сол жинақпен жұмыс істеп келеміз. Жыл сайын сайыс қиындаған сайын, өзімізде тұрған база ескіреді ғой, соған сай жаңартып отырып, орындар алып отырамыз осылай»
Ернар Назымханның робототехникамен айналысып жүргеніне 5 жыл болды. Ол бүгін «Мерген» санаты бойынша өнер көрсетті. Жарыстың бұл түрінде қатысушылардың роботтары таңбалау аумағындағы нысаналардың орналасқан жерін анықтап, оларды үстел тениисіне арналған доппен құлатып, бастапқы нүктеге қайта оралуы керек.
Ернар Назымхан, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы ЖОББМ 9-сынып оқушысы
«Қызығушылық менде техника жағынан пайда болды. Мен көбінесе ұялы телефон, сондай технологиялармен жұмыс жасағанды жақсы көремін. Сондықтан да қызықтырды. Робототехника әр салада керек деп санаймын. Өйткені қазір заман дамыған, ІТ технологиялық құралдар қолданылады әрбір мамандықта. Сол үшін жалғастырамын деп ойлаймын. Бүгінгі байқауға сақадай сай дайын тұрмыз. Енді бағымды сынап, Алла жазса, республикалық байқауға өтіп, сол жақта бағымды сынап көрсем деймін»
Үздік атанған жас робототехниктер, яғни әр санат бойынша жеңіске жеткен 7 команда Республикалық кезеңде облыс намысын қорғайды. Республикалық чемпионат мамыр айында Астана қаласында өтеді.
Жұлдыз Қабылденова