Павлодарда жас биатлоншылардың дүбірлі додасы басталды. Өңірімізде наурыздың 1 мен 7-сі күндері аралығында республикалық «Гранд тур биатлон» балалар жобасының үшінші кезеңі өтуде. Бұл – Қазақстан Республикасының ұлдар мен қыздар арасындағы чемпионаты аясында ұйымдастырылған жарыс.
Биылғы кезеңге еліміздің 11 өңірінен келген 150-ге жуық жас спортшы қатысуда. Олар бірнеше күн бойы шаңғыда өзара мықтыны анықтайды. Бұл дода спортшылардың маусымаралық уақытта да бабын жоғалтпай, тұрақты түрде жарыс ырғағында болуына мүмкіндік береді.
Ерасыл Жұманғали, қатысушы
Биатлонмен бір жарым жыл қатысып жүрмін. 30 бала келдік. Шаңғымен жарысу денсаулыққа жақсы. 3 круг бір жарым км өтеміз. 4 жарым км сосын 2 рет атамыз. Жатып, тұрып.
Жарыс тек командалық есеппен шектелмейді. Сонымен қатар жеке рейтинг те жүргізіледі. Маусым қорытындысы бойынша үздік деп танылған биатлоншыларға кубоктар мен федерация серіктестерінің арнайы сыйлықтары табысталады.
Виктор Соловьев, бас төреші
Қазір қысқы «Гранд тур» жобасының үшінші кезеңі өтіп жатыр. Алғашқы кезең Риддер қаласында, екіншісі Қостанай қаласында ұйымдастырылды. Енді үшінші кезең Павлодарда жалғасуда. Осы жарыс қорытындысы бойынша екі ұл және екі қыз іріктеліп, финалдық кезеңге қатысу үшін Норвегияға жолдама алады. Спортшылар белгіленген қашықтықта жүгіріп, нысана көздейді. Нысанаға дәл тигізбеген жағдайда айып айналымдарын өтеді. Ертең жеке жарыс өтеді. Онда мергендігіне қарай айып секундтары қосылады. Жарысқа 2011–2012 және 2013–2015 жылы туған ұлдар мен қыздар қатысуда. Әр спортшының мәреге жеткен уақыты оның қорытынды орнын анықтайды. Бұл жоба – балалар үшін үлкен спортқа бастайтын алғашқы баспалдақ. Қазір өтіп жатқан әлем чемпионатына қатысып жүрген төрт спортшы да кезінде осы «Гранд тур» жобасынан бастаған.
Өткен маусымда жоғары нәтиже көрсеткен Павлодар облысы рейтинг көшбасшыларының бірі ретінде 1 миллион 500 мың теңгенің сертификатын жеңіп алған болатын. Қаражат аймақтағы биатлон спортын дамытуға бағытталды. Бұл жарыс алдағы кезеңдерге жолдама беретін жауапты сын болмақ.
Сабина Жолдаспаева