Павлодарлық оқушы ерекше жоба ойлап тапты. Дарынды балаларға арналған №8 лицейдің 8-сынып оқушысы Әділ Ағынтаев ұстазы Анна Сулейманованың жетекшілігімен «Чистоход» атты зияткерлік роботтың прототипін құрастырды. Жас өнертапқыштың бұл жобасы өңірдегі өзекті экологиялық мәселелердің бірін шешуге бағытталған.

Инновациялық құрылғының басты ерекшелігі – жасанды интеллектке негізделген басқару жүйесі. Робот арнайы алгоритмдер арқылы қалдықтардың түрін автоматты түрде ажыратып, олардың қозғалысын бақылап отырады. Жиналған деректерді сараптай отырып, құрылғы тазалау процесін барынша тиімді ұйымдастырады. Бұл өз кезегінде адам еңбегін азайтып, жұмыстың дәлдігі мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.

Әділ Ағынтаев, дарынды балаларға арналған №8 лицейдің 8-сынып оқушысы

Мен Ертіс өзенінің тазалығына арналған су тазалайтын робот ойлап таптым. Қаламызда Ертіс өзені жағасында түрлі қоқыс қалдықтары жиі кездеседі. Осы мәселені шешудің жолын іздеп, «Чистоход» жобасын жасадық. Робот күн мен жел энергиясы арқылы жұмыс істейді. Оның ішінде жел генераторы орнатылған, сондай-ақ түнгі уақытта жұмыс істеуі үшін жарық шамдары қарастырылған.

Жобаның тағы бір артықшылығы – оның экологиялық таза қуат көздерін пайдалануы. Яғни робот толықтай жаңартылатын энергиямен жұмыс істейді. Әділ құрылғының сызбасын жасанды интеллект көмегімен әзірлеп, дизайн мен техникалық модельдеуді заманауи цифрлық құралдар арқылы орындаған. Бұл оның инженерлік ойлау қабілетінің жоғары деңгейде екенін аңғартады.

Анна Сулейманова, дарынды балаларға арналған №8 лицейдің ағылшын тілі пәні мұғалімі

Барлығы өткен жылы басталды. Әділ маған келіп, жаңа жобаға қызықты идея іздеп жүргенін айтты. Ол бұрыннан робот техникасына қызығатын. Біраз ойлана келе, су бетінде жүретін жәндік – су қандаласын негізге алып, соған ұқсас макет жасауды ұсындым. Алғашында робот тек суды сүзуге арналған еді, кейін оны жетілдіріп, қалдықтарды жинайтын мүмкіндік қостық.

«Чистоход» тек су бетін тазалап қана қоймай, пластик, тұрмыстық қалдықтар секілді түрлі қоқысты жинауға бейімделген. Болашақта жобаны жетілдіріп, өзен-көлдер мен су айдындарын кешенді тазалауға арналған әмбебап жүйеге айналдыру жоспарда бар.

Дильназ Қуанышбекқызы