Павлодарда алғаш рет бастауыш сынып оқушылары арасында математика мен жаратылыстану пәндері бойынша «Келешек скилс» олимпиадасы өтті. Онда 2-4 сынып оқушылары есеп шығарып, Күн жүйесі, ғаламшарларды зерттеп, микроскоппен жұмыс істеді.

«Келешек скилс» олимпиадасы Павлодарда алғаш рет өтіп отыр. Шаһардың жаратылыстану, математика бағытын жақсы меңгерген оқушылары осы күні білім додасында бақтарын сынады. Тәжірибелік олимпиадаға 2-4 сыныптарының оқушылары ғана қатысты. 34 мектептен 108 оқушы келді.

Әсия Қалдыбай, №48 мектептің 3-сынып оқушысы

Мен бірінші дайындалдым. Енді қазір тест мен оны қорғадым, апайға көрсеттім. Математика мен жаратылыстану менің сүйікті пәндерім. Мен оларды жақсы көрем.

Осылайша 37 команда есеп шығарып, білікті мамандар алдында жұмыстарын қорғады. Бұл жолы кішкентай ғалымдар мен математиктердің жарысқа ерекше дайындалғаны байқалды. Әсіресе тәжірибелік кезең қатысушыларға қызықты болды.

Ақмарал Мұхаметжанова, «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығының басшысы

Бұл логикалық олимпиада, математика жаратылыстану пәндері бойынша дарынды балаларды анықтау болып табылады олипмпиаданың мақсаты. Оқушыларға бұның бәрі қызықты. Тәжірибелі кезең оқушыларға өте қызықты.

Қаламызда бірінші рет өтіп отырған олимпиада №48 келешек мектеп базасында өтті. Бұл бекер емес, себебі аталмыш білім ордасында жас ғалымдарды оқытуға барлық материалдық техникалық жағдай жасалған.

Айнұр Бекбаева, №48 мектептің басшысы

Келешек мектептің ең бастысы – материалдық техникалық базасы толығымен қамтылған. Бүгінгі таңда 16 бастауыш сынып кабинеттері бар, солардың барлығы цифрлық лабараториямен, одан басқа жаратылыстану, математика бағытындағы іс шаралар өткізетін құралдар келіп отыр.

Шынымен, бір қарағанда бүгінгі шара жай ғана олимпиада болуы мүмкін. Бірақ жас ұрпақты заман талабына сай тәрбелеп, өсіріп, шыңдау мақсатында маңызды. Осы ретте ұйымдастырушылар, «келешек скилс» олимпиадасын дәстүрлі түрде жылда өткізуді жоспарлап отыр.

Самал Қалиқызы