Төтенше жағдайлар қызметкерлері күн сайын түрлі жағдайлармен бетпе-бет келеді. Олар қауіпті сәттерде адамдарға жедел көмек көрсетіп, өмірлерін сақтауға тырысады. Мәселен, өткен аптада құқарушылар 10 шақыртуға жауап беріп, тұрғындарға уақытылы көмек көрсетті.

25 ақпанда Екібастұз қаласында жол-көлік оқиғасы орын алып, адамдар автокөліктің салонында қалып қойған. Құтқарушылар арнайы гидравликалық құралдарды қолданып, 1969 жылы туған әйел адамды көліктен шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.Сол күні Павлодар қаласында да шақырту түсті: жасы тоқсаннан асқан қария пәтерінің есігін аша алмай қалған. Оқиға орнына келген төтенше жағдайлар департаментінің мамандары полиция қызметкерлері мен туыстарының қатысуымен көмек көрсетті. Альпинистік құралдарды пайдаланып, бесінші қабат балконынан төртінші қабатқа түсіп, терезеден пәтерге кірді. 1934 жылы туған қала тұрғыны өзін нашар сезініп, есікті аша алмаған. Құтқарушылар оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Құтқарушылардың жылдам әрі бірлескен әрекеттерінің арқасында зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек дер кезінде көрсетіліп, олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Бұл оқиғалар төтенше жағдайлар қызметкерлерінің кәсіби дайындығы мен жауапкершілігін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.