Ашылғанына биыл 15 жыл толып отырған «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы құрамындағы «Balapan» телеарнасы ата-ана, мектеп, жалпы қоғам үшін ұрпақ тәрбиелеудегі көмекші құралдың міндетін атқарып келеді. Кейінгі он жылдықта өсіп келе жатқан буынның қазақ тілінде көркем сөйлей бастауы да – арна қызметінің жемісі екені көпшілікке аян. «Balapan» бүгінге дейін балалардың танымын арттыруға бағытталған түрлі жанрдағы мультхикаялар, бағдарламалар және телехикаялар өндірді.
Биыл телеарна тұңғыш рет толықметрлі анимациялық фильмдерді жарыққа шығаруды қолға алды. Олардың қатарында көрермен көзайымына айналған «Тоқты мен Серке» мультфильмі де бар. Аталған анимациялық фильм 3 шілдеден бастап Қазақстанның барлық қалаларындағы кинотеатрлар желісінде көрсетіледі. «Balapan»-ның осы жаздағы басты базарлығын қабыл алыңыздар! Қазақ анимациясының көрермені көп болсын деген тілекпен, «Тоқты мен Серке» мультфильмін балаларыңызбен бірге үлкен экраннан тамашалауға шақырамыз!