Павлодардағы Естай атындағы мәдениет сарайы бұл жолы күлкіге толы кештің куәсі болды. «Ертіс» КВН лигасының фестиваліне жиналған 10 команда сахнаны нағыз әзіл алаңына айналдырды.
Әзіл мен тапқырлық сынға түскен кеште Қарағанды, Қостанай және Павлодар өңірлерінің командалары өзара бақ сынады. Алдағы уақытта бұл қатарға Шығыс Қазақстан және Ақмола құрамалары да қосылмақ. Ұйымдастырушылар жаңа маусымның сәуір айында басталып мамыр айына дейін жалғасатынын айтады.
Александр Сорока, «Ертіс» КВН ресми лигасының директоры
Бұл фестиваль – жай ғана ойын емес, жаңа маусымның бастамасы. Біз көрерменге ең үздік, өзіндік стилі бар командаларды ұсынамыз. Павлодар КВН-інің қандай екенін, оның әзіл бағыты мен ерекшелігін көрсету – басты мақсатымыз. Бүгінде сахнада оқушылардан бастап, студенттер, жұмысшылар, ауыл жастары, тіпті жас аналар да өнер көрсетіп жүр. КВН – бәріне ортақ мүмкіндік алаңы.
Кеш барысында командалар тек әзіл айтып қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерді де астарлы түрде жеткізді. Тұрмыстық қалжың, заманауи тақырыптар, сатира – барлығы бір сахнада тоғысты. Көрерменнің ду күлкісі залдан бір сәтке де толастамады.
Арслан Жұманов, қатысушы
Командамыз 8 жылдай ойнап жүр. Халықаралық деңгейде 3 жылдай.Дайындық өте күшті өтуде бізде. Составтан барлық кісілер емес енді олардың жұмыстары бар, бізде жұмыс жоқ. Өте квнді жақсы көреміз. 2025 жылы біз павлодарда чемпион болдық содан кейін сол жылы сібір қаласында чемпион болдық содан кейін Сочиға барып негізі Сочида екі тур біріншіден 600-700 дей команданы қарастырады. Екінші турда жақсы результат көрсеттік.
Фестиваль жас таланттарға үлкен мүмкіндік сыйлап отыр. Себебі дәл осы сахнадан болашақ жұлдыздар өсіп шығады. Күлкі – өмірдің ажырамас бөлігі. Ал «Ертіс» КВН лигасы сол күлкіні кәсіби деңгейге көтеріп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлауды жалғастыра бермек. Жаңа маусым – жаңа әзіл, жаңа есімдер және жаңа жеңістермен есте қалары сөзсіз.