Аталған мерейтойлар аясында Железин ауданында «Әже мен немере» атты облыстық байқау ұйымдастырылды. Оған қатысушылар ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық құндылықтарды дәріптеп, шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Байқауға Железин, Ақтоғай және Тереңкөл аудандарынан 5 әже мен олардың немерелері қатысты. Олар үш кезең бойынша бақ сынады: алдымен өздерін таныстырды, кейін қолөнер бұйымдарын ұсынды, ал соңғы кезеңде өнерлерін ортаға салды.
Нұраш Бейсенбаева, байқау қатысушысы
«Мен жанымдағы немерем Ізбасар екеуіміз қамшы дайындап, өріп келді төрт таспалы қамшы өрімді. Және мен жеке іс – жастық тігіп, құрметтеп, «НҰР-АНА Әлеміне – 35 жыл» деген жастық тігіп әкелдім. Ұрпақтан ұрпаққа өнеріміз жалғасып жатыр қанмен сіңген енді әке-шешемізден. Немереме де енді өз жағынан да бар, мен жақтан да. Немерелерімді бүгінде өнерге баулып жүрмін. Бүгін өнер бөлімінде біз екеуміз домбырамен халық әнін айтамыз. Көбіне менің репертуарымда халық әндері және Қазақстан композиторларының әндері. Өзіміз енді Естай жатқан елден келдік, Естайдың ұрпағымыз деп айтып мақтанамын. Батыр елінен келдік – Серікбай батыр елінен.»
Қатысушылардың өнеріне қазылар алқасы жоғары баға берді. Барлық жұп байқауға жақсы дайындықпен келген. Бағалау барысында олардың өзіндік ерекшеліктеріне, ұсынылған жұмыстардың сапасына, сахна мәдениеті мен орындау шеберлігіне айрықша мән берілді.
Алтын Кәрімова, қазылар алқасының төрағасы
«Сайысқа жақсы дайындалды әже мен немерелер. Олар домбыра, сазды өлеңдер айтты, Абайдың өлеңдерін жатқа айтты және ұлттық тағамдарды біздің назарымызға ұсынды. Осындай конкурстар әрқашан да өткізіле берсін. Рақмет келген қонақтарымызға, келген әжелерімізге, немерелерімізге және бүкіл Железин еліне алғысым шексіз»
Байқау нәтижесі бойынша бірінші орынды ақтоғайлық әже мен немере жеңіп алды. Екінші орынды Тереңкөл ауданынан келген қонақтар мен железиндік қатысушылар бөліссе, үздік үштікті Железин ауданының абыройын қорғаған тағы екі отбасы түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Жұлдыз Қабылденова