Павлодар қаласында жастарға арналған ерекше экологиялық шара өтті. «EcoLab: қалдықтармен тәжірибе» атты шеберлік сағаты студенттерге арналды. Шара олардың қызығушылығын оятып, қоршаған орта мәселесіне бейжай қарамауға үндеді.

Шеберлік сағаты барысында қатысушылар қалдықтарды дұрыс басқару жолдарын тәжірибе арқылы меңгерді. Олар қандай қалдықтарды қайта өңдеуге болатынын, ал қайсысы жарамсыз екенін білді. Аталған шараны «Жасыл Ел» штабы облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.

Арина Краскова, «Жасыл ел» штабының командирі

Мұндай шара форматы кездейсоқ таңдалған жоқ. Себебі тәжірибе арқылы, яғни өз қолымен жасап көрген кезде жастар ақпаратты жақсы қабылдайды. Осылайша олар заттарға екінші өмір сыйлаудың қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Бүгінде біз бірігіп, жастарға арналған осындай шараларды жиі өткізуіміз қажет.

Шараға Электроника және коммуникациялар жоғары колледжінің студенттері қатысты. Олар пластик түрлерінің арнайы таңбалануын ажыратуды үйренді. Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау ережелерімен танысты.

Аружан Қайдарова, студент

Менің ойымша табиғатты аялау керек. Өйткені біз табиғатпен өмір сүреміз. Табиғат бізге өмір береді. Біз қазір командамызбен сурет салып жатырмыз. Табиғатты қалай аялау керек екені туралы.

Қазір экология мәселесі – қоғам үшін аса маңызды бағыттардың бірі. Қоршаған ортаны қорғау әр адамның күнделікті әдетінен басталады. Осындай бастамалар арқылы жастардың экологиялық мәдениеті қалыптасып, табиғатқа деген жауапкершілігі арта түседі.

Сабина Жолдаспаева