Бюджет қаржысы қалай игеріліп жатыр? Ашықтық қаншалықты сақталады? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап іздеген Павлодар облысы тұрғындары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті төрағасымен онлайн кездесуде пікір алмасты.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан негізінен әлеуметтік сипаттағы сұрақтар қойылды. Әсіресе бюджет қаражатының игерілуі, оның мақсатты әрі тиімді жұмсалуы, мемлекеттік сатып алу саласындағы ашықтық мәселелері жиі көтерілді. Сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және инфрақұрылымдық жобаларға бөлінген қаржының игерілуіне қатысты сауалдар қойылды.
Ержан Мыңжасаров, ҚР КМ ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы
Бүгінгі таңда біз кезең-кезеңімен электронды аудит жүйесіне көшіп келеміз. Қазіргі уақытта барлық іс-шаралардың 35 пайыздан астамы электронды форматта өткізілуде. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары арта түседі деп күтілуде. Себебі ақпараттық жүйелердің дамуы аудит жүргізудің тиімділігін арттырып, адами фактордың ықпалын азайтады.
Кездесудің негізгі мақсаты – комитет пен аумақтық департаменттің атқарып жатқан жұмыстары туралы халықты кеңінен ақпараттандыру, мемлекеттік аудит саласындағы ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ өңір тұрғындарын алаңдатқан өзекті мәселелерді талқылау болды. Онлайн форматта өткен жиынға мемлекеттік орган өкілдері, қоғам белсенділері мен қарапайым тұрғындар қатысты.
Дәурен Махметов, Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы
Бүгін комитет төрағасының қатысуымен Павлодар облысының тұрғындарымен онлайн кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында ішкі мемлекеттік аудит саласындағы өзекті мәселелер қаралып, бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстардың қорытындылары таныстырылды. Қазіргі уақытта жүйеде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе цифрландыру бағытына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл өзгерістер мемлекеттік аудит рәсімдерін жеңілдетіп, тиімділігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, кездесу барысында тұрғындардың барлық сұрақтарына жауап беріліп, бірқатар ұсыныс-пікірлер назарға алынды. Жауапты сала өкілдері көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Дильназ Қуанышбекқызы