Елордадағы «Астана Опера» театры гастрольдік сапармен облысымызға келіп, көрерменге жарқын қойылымдар ұсынды. Театр ұжымы Естай атындағы қалалық мәдениет сарайы сахнасында өнер көрсетті.

Көрермен назарына италиялық композитор Гаэтано Доницеттинің әйгілі «Дон Паскуале» операсы ұсынылды. Бұл – әлемдік репертуардағы ең жеңіл әрі көңілді комедиялық опералардың бірі. Қойылымда махаббат тақырыбы, күлкілі жағдайлар мен шапшаң дамитын оқиға желісі көрерменді соңына дейін баурады.

Қойылым режиссерлік тұрғыдан Алла Симонишвили мен Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдиннің шығармашылық бірлестігі нәтижесінде сахналанды. Басты рөлдерді талантты қазақстандық әртістер сомдады. Комедиялық кейіпкер Карлито рөлін Рамзат Балакишиев, ал Дон Паскуале образын Шыңғыс Расылхан шебер жеткізді.

Шыңғыс Расылхан, «Астана опера» театрының әртісі

Бұл буффо опарасы болғанымен де, ойға салатын дүниелер көп. Осыдан 250 жыл бұрын жазылған опера болғанымен, қазір өте актуалды опера. Музыкасы өте жеңіл, ойын жағынан өте әсерлі. Комедиялар да көп. Біздің ерекшелік, Қазақстандағы бірінші театр деп айта аламын. Бізде оркестор болсын, дирижер болсын еліміздегі ең мықты музыканттар жұмыс істейді деп толық негізде айта аламын. Бұл спектакльдің ерекшелігі костюм жағынан болсын, декарация болсын барлығы натуралды элементтерден жасалған. Көрермендерге де көздеріне айқын түседі деп ойлаймын.

Театр ұжымына опера труппасының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев жетекшілік етті. Ал, музыкалық кешті оркестр дирижері, «Құрмет» орденінің иегері Руслан Баймурзин басқарды. Мұндай гастрольдер өңірдегі мәдени өмірді жандандырып қана қоймай, жас ұрпақтың классикалық өнерге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Руслан Баймурзин, «Астана опера»театрының дирижері

Кішкентай бүлдіршіндерге, көрермендерге дайындаған концертіміз бар. Сонымен қатар осы қалаға келген кезде, бәрімізге мәлім Павлодар қаласының көрермендері өте мәдениетті, музыканы тыңдап, бағалайтын халық деп білдік. Сондықтан, әр гастрольде, әр сапарда біз үшін қобалжу бар. Дегенмен біз осы қаланың көрермендерінің ықыласына бөленеміз деген сенімдеміз.

Астана Опера театрының гастрольдік сапары Павлодармен шектелмейді. Алдағы уақытта өнер ұжымы Хромтау мен Ақтөбе қалаларында да өз қойылымдарын ұсынбақ.

Сабина Жолдаспаева