«НҰР-АНА Әлемі» қоғамдық бірлестігі мен Аналар кеңесі биыл бірнеше маңызды мерейтойды қатар атап өтті. Атаулы күндерге орай Железинка ауылында мерекелік шара ұйымдастырылды.

Биыл облыстық «НҰР-АНА Әлемі» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына – 35 жыл, ал Железин ауданындағы филиалының ашылғанына 15 жыл толып отыр. Сонымен қатар, аудандық Аналар кеңесінің құрылғанына 5 жыл болды. Бұл мерейтойлар Железин ауданының орталығындағы Құдайберген Әлсейітов атындағы мәдениет үйінде аталып өтті.

Бақытжамал Максилова, облыстық «Нұр-ана әлемі» ҚБ және аналар кеңесінің төрағасы

«НҰР-АНА Әлемі» ҚБ және аналар кеңесінің мүшелері әр ауданда бар. Жуырда ғана мен Железин ауданына келіп, аналар кеңесінің меморандумын құрып кеткенмін. Міне, көріп тұрсаңыздар, мына тұрған көрмелердің түгелі балалардың қолымен жасалған. Әрбір мектепте аналар кеңесі бар, «НҰР-АНА Әлемі» ҚБ бар. Солар балалармен бірге қолөнерлерін көрмеге әкелген екен. Аналар менің елім, менің жерім, менің ұрпағым деп тәрбие жұмыстарын қозғалтып жатқанын көріп жатырмыз. Мереке құтты болсын деймін. 35 жылдығымыз тек қана жақсылықпенен, аналардың қуанышына, балалардың күлкісінен айырмасын»

Аудандық ұйымдар жастарға тәлім-тәрбие беруді, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруді мақсат етеді. Осы бағытта дөңгелек үстелдер, сынып сағаттары және басқа да тағылымдық шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сондай-ақ, бата беру дәстүрін дәріптеуге ерекше көңіл бөлініп, ауданның дамуына үлес қосқан тұлғалар туралы кітап жазу ісі қолға алынған.

Шұға Нұрғалиева, Железин ауданы «Нұр-ана әлемі» ҚБ және аналар кеңесінің төрағасы

«Рухани жаңғыру, қазақ халқының тағамдары, қазақ халқының музыкалық аспаптары, қазақ халқының салт-дәстүрлері, тарихи қалам және спорт, қазақтың ұлттық ойындары – осы 7 бағыт бойынша жұмыс істейміз. Бәріміз жоспар құрып, сол жоспар бойынша Қазақстанымыздың «Біртұтас тәрбие» деген бағдарламасы бар ғой, сол бағдарлама бойынша, аудандағы білім мекемелерінде аналар кеңесі, аталар кеңесі, әжелер кеңесі, келіндер кеңесі, қыздар кеңесі деген институттар бар ғой. Біздің ауданда сол институттардың барлығы жұмыс істейді»

Мерекелік шарада аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иелеріне ізгі тілегін білдірді. Ол аналардың ұрпақ тәрбиесіндегі және ұлттық мәдениетті сақтаудағы маңызды рөлін атап өтті.

Айтуған Шайхимов, Железин ауданының әкімі

«Бір ананың қосқан үлесі ұрпақ тәрбиесіне – он ер азамат оны жасай алмайды. Сондықтан да сіздерге алдағы күнде де ұрпақ тәрбесінде, ауданымыздың тәрбиесіне қосып келе жатқан үлестерініңзге сәтті жұмыс тілеймін. Сіздермен бірлесіп әрқашан да осы іске атсалысуға біз де даярмыз, қол ұшымызды береміз»

Қоғам өміріне белсенді қатысып, аудан дамуына зор үлес қосып жүрген аналар, сондай-ақ «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері әртүрлі марапаттарға ие болды. Мерейтойлық шаралар өзге аудандарда да жалғасып, қыргүйек айында облыс орталығында қорытындыланады.

Жұлдыз Қабылденова