Жастар бастамаларын дамыту орталығында қайта өңделген және қалдық материалдардан жасалған киімдердің көрсетілімі өтті. Еріктілер шығармашылық қабілеттерін көрсете отырып, саналы тұтыну мен қайта өңдеудің маңызына мән берді.

Табиғатты таза сақтау, қоршаған ортаны қорғау – әр адамның қолынан келетін жауапты іс. Осыны үлгі еткен жастар «Re:fashion» атты эко-дефиле ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – қоғамда экологиялық жауапкершілікті арттыру және табиғатқа қамқорлықты насихаттау.

Сәния Мұсаипова, жастар бастамаларын дамыту орталығы еріктілер фронт-кеңсесінің басшысы

«Re:fashion атты эко-дефиле іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл іс-шара «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Мир без отходов» акциясы шеңберінде өтіп жатыр. Бүгінгі іс-шараның басыт мақсаты жастардың арасында эко-мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Одан басқа қайта өңделген және де біз тұрмыстық өмірде қолданбайтын материалдарға жаңа өмір сыйлау.»

Шараға 15 студент пен ерікті қатысты. Олар қағаз, картон, пакет, пластик секілді әдетте қоқысқа тасталатын материалдарға жаңа өмір сыйлап, ерекше костюмдер мен аксессуарлар жасады. Дайын туындыларын сахнада көрерменге таныстырды.

Гүлжазира Айтмұратова, ерікті

 «Менің бүгінгі стилім – қазақи оюлар салынған пакеттен корсет істедім және басыма соғансай ободок істедім. Менің ойымша, бұл акция өте қызық және керекті нәрсе. Біз ерікті ретінде осы нәрсені өткізіп жатырмыз. Себебі ол біздің жерге маңызды, міндетті түрде керек нәрсе»

Алтынай Шахметова, ерікті

«Бұл образды ангел персонажы сияқты етіп жасадық. Қанаттармен, көйлекпен, қағаз тәжбен жасадық. Бұл шараға қатысудың маңызы – өзіміздің образдарымызды көрсету, еңбегімізді көрсету және қағаздардан көптеген нәрсе жасауға болатынын көрсеткіміз келді»

Осылайша, жастар сән мен экологияның өзара үйлесім таба алатынын көрсетті. Олар қайта өңдеудің маңызын насихаттап, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың мәнін жеткізді.

Жұлдыз Қабылденова