Павлодар облыстық Чехов атындағы драма театры 27-наурыз күнгі Халықаралық театр күнін ерекше форматта атап өтті. Мерекеге орай көрермен назарына «Курица» спектаклінің премьерасы ұсынылды.

Келген қонақтарды театр әртістері кіреберістен бастап ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Әуен, би және поэзиялық көріністер көрерменді бірден өткен дәуірдің тынысына жетеледі.

Осы ерекше әсер көрерменді кештің басты оқиғасына біртіндеп алып келді. Ол драматург Николай Коляда шығармасы негізінде сахналанған «Курица» қойылымының премьерасы.

Қойылымда театр адамдарының өмірі шынайы әрі ашық түрде көрсетілді. Сахна мен өмір арасындағы байланыс терең ашылды. Ерекше безендірілген сахна кеңістігі, яғни газет беттерімен көмкерілген бөлме, қойылымның мазмұндық бөлігіне айналды. Бұл көрініс шығармашылық әлемнің тұйық әрі күрделі болмысын айқын жеткізді.

Юлия Захарчук, А.Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театры басшысының М.А

Бұл пьеса әртістер туралы, яғни біздің өз өміріміз туралы. Иә, кей тұстары ашық айтылған, түрлі элементтер бар. Бірақ бәріміз – адамбыз. Қай салада жұмыс істесек те, бәріміздің қуанышымыз бен қайғымыз бар. Әртістер де сахнаға әдемі болып шыққанымен, олардың да өз ішкі сезімдері бар. Сондықтан дәл Театр күні осындай қойылымды таңдау өте орынды болды.

Сахнадағы әрбір бөлік қойылымның мазмұнын толықтыра түсті. Газет беттері кейіпкерлердің ішкі ой-толғаныстарын бейнелейтін көркем құрал ретінде қолданылды. Осы арқылы өткен мен бүгіннің, шынайылық пен қиялдың арасындағы байланыс көрініс тапты.

Марсель Пироженко, қоюшы-режиссер

Бұл – менің алғашқы үлкен жұмысым. Бұған дейін шағын қойылымдар болған. Бұл спектакльге бар жанымызды салдық. Онда адамдар арасындағы қарым-қатынас, әртістердің жасырын өмірі көрсетіледі.

Премьера көрермен үшін тек жаңа қойылым ғана емес, терең мағынаға толы шығарма болды. Спектакль адам болмысы мен сахна өмірінің арасындағы шекара туралы ой қозғады. Көрермен әр кейіпкерден өзіне таныс бір шындықты байқай алды.

Сабина Жолдаспавеа