Өткен аптаның 19 маусымында Павлодар облысын қатты дауыл шарпып, желдің жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жетті. Табиғаттың тосын мінезі электр желілерін үзіп, шатырларды ұшырып, ағаштарды құлатты. Өкінішке қарай, 18 адам зардап шегіп, 1 адам қаза тапты. Барлық жарақат алғандарға медициналық көмек көрсетілуде. Ал Ақсу қаласында қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Сол күннен бастап облыста жедел штаб құрылып, төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның шұғыл отырысы өтті. Қазір оқиға орнындағы жағдайды бағалау мен қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ақсуда дауыл кезінде Донентаев көшесі, 46 үйдің төбесіне салмағы 23 тонна болатын мұнаралы кран құлап кетті. Қатты жел кранды айналдырып, тепе-теңдігін жоғалтқан. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.

Олег Догузов, Ақсу ферроқорытпа зауыты кран машинисі

Қазір дауыл кезінде құлаған кранды бөлшектеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Үш күн бойы істеп жатқан себебіміз – ауа райы мүмкіндік бермеді. Ережеге сай, желдің жылдамдығы 12 м/с аспауы керек, ал бізде 18-ден асып кетті.. Жоғарыда тұрған жігіттерге одан да қиын. Қазір менде 8 м/с көрсетіп тұр, сол себепті жұмысты тездетуге тырысып жатырмыз. Жігіттер тепе-теңдікті ұстап тұрып, кергіш болттарды шешеді, содан кейін толық демонтаж жүргіземіз.

Дауылды желдің салдарынан көптеген электр желілері зақымданып, 7970 абонент жарықсыз қалды. Бүгінгі таңда нысандардың 97% қалпына келтірілді, жұмыстар Ақсу шағын ауданында, Еңбек және Мәмәйіт Омаров ауылдарында жалғасуда. Қалқаман кентінде 2 заңды тұлғаның нысандарында да жұмыстар жүргізілуде.

Қанат Исин, «Павлодарэнергосбыт» АҚ батыс электр желілері кәсіпорнының өкілі

19 маусымда болған дауылды желдің салдарынан Ақсу өңірі толығымен жарықсыз қалды. Апат салдарын жою жұмыстары үш күн бойы «ПРЭК» компаниясының күшімен жүргізілді. Электрмен жабдықтау толығымен дерлік қалпына келтірілді. Қосымша бригадалар Ақтоғай, Май және Ертіс аудандарынан шақыртылды. Тек бірінші күннің өзінде Ақсуда 35 адам, 12 арнайы техника, 10-нан астам жұмыс бригадасы жұмылдырылды.

Коммуналдық қызметтер үш күн бойы тәулік бойы жұмыс істеп, қала көшелерін қалпына келтіріп жатыр. Құлаған ағаштар шабылып, шатырлар жөнделуде.

Бейбіт Азаматов, Ақсу қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы

Дауылдың салдарын жою үшін соңғы үш күн ішінде 70 арнайы техника, 1500 адам жұмылдырылды. 250 ағаш құлатылып, 2000 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Жалпы 200-ге жуық нысан зақымданған. Оның ішінде 183 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары бүлінген – бұл шамамен 9000 шаршы метрді құрайды.

Коммуналдық қызметтер мен еріктілер күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда. Қалпына келтіру шаралары толық аяқталғанға дейін жалғасады.

Қымбат Садық