Қазақ вальсінің королі атанған сазгер Шәмші Қалдаяқовтың туындылары тек қазақтың емес, өзге ұлт өкілдерінің жүрегінен де орын алады. Бұл сөзімізге Достық үйінде өткен «Ассамблея Шәмші әндерін шырқайды» атты ән кеші дәлел. Толығырақ тілші материалынан көрейік.

Бұл – жай ғана концерт емес, түрлі ұлт өкілдерінің бір сахнада бірігіп, қазақтың ән мұрасын шырқап, рухани үндестікке ұласқан ерекше кеш болды. Кеште этно-мәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарымен қатар, Достық үйінің қызметкерлері, белсенді жастар да сахна төрінде өнер көрсетті. Шара «Қазақша ән салайық» жобасы аясында ұйымдастырылып, қазақ тілінің және ұлттық музыка өнерінің кең қанат жаюын мақсат етті.

Сондай-ақ, композитордың өмірі мен шығармашылығына шолу жасалып, қазақ мәдениетінің дамуына қосқан үлесі айтылды. Мұндай кештердің тәрбиелік әрі мәдени мәні зор. Себебі Шәмші әндері – махаббат пен сағыныштың, туған елге деген шексіз сүйіспеншіліктің әуенмен өрілген бейнесі.

Ән кешінде «Шынарым», «Ана туралы жыр», «Арыс жағасында», «Сыған серенедасы», «Ақ бантик», «Бәрінен де сен сұлу» сынды халықтың сүйікті алтын әндері орындалып, көрерменнің жүрегін тербеді.

Музыкалық кеш Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай ұйымдастырылды. Кеш барысында көрермендер де қосыла ән шырқап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Қымбат Садық