Қазақстан чемпионатының бірінші лига командалары арасындағы жарыстың алғашқы айналымы аяқталды. Премьер-лигаға жолдама алу үшін таласып жатқан павлодарлық «Ертіс» әзірге турнир кестесінде екінші орында тұр.
Соңғы ойында павлодарлықтар өз алаңында шығысқазақстандық «Алтай-Өскемен» клубын қабылдады. Ойын сәтті басталды. 9-минутта Владимир Воменконың пасынан кейін Тамерлан Ағиманов есеп ашты. Алайда павлодарлықтар бұл басымдықты арттыра алмады. 43-минутта «Ертіс» қорғаушысы Бақтияр Төлеуов өз айып алаңында шабуылшысына қарсы ереже бұзды. Нәтижесінде «Алтай» ойыншысы Ибрагим Дадаев пенальтиден мүлт кеткен жоқ. 61-минутта қонақтар сапындағы 11-нөмірлі ойыншы Артём Попов өз қақпасына гол соғып алды. Осылайша «Ертіс» өз алаңында ойынды 1:2 есебімен аяқтап, маусымдағы екінші жеңіліске ұшырады.
Ринат Алюетов, «Ертіс» футбол клубының бас бапкері
Алғашқы 15 минутта жаттығуда үйренген тәсілдерді қолданып, жақсы ойнадық. Әдемі гол соқтық. Бірақ кейін ойынның ырғағын жоғалтып алдық. Кей ойыншылардың сенімділігі әсер етті. Соның салдарынан шабуылдар күшейіп, бірінде ереже бұзылып, пенальтиге әкелді. Жеке қателіктер екі гол соқтырып жіберуге себеп болды. Жанкүйерлерден кешірім сұраймыз. Бұл жеңіліс олардың сенімін ақтамады. Бірақ жаңа команда қалыптасу жолында мұндай сәтсіздіктер болады. Өз алаңынымыздағы бұл жеңіліс соңғы болсын деп тілейміз. Жанкүйерлерден тағы да кешірім сұраймын.
Қорғаушы Нұралы Елемес алаңда пас шығарумен көзге түсті. Бапкер бұл тактиканы түсіндіріп берді.
Ринат Алюетов, «Ертіс» футбол клубының бас бапкері
Біз үш қорғаушымен ойнауға көштік. Нұралы Елемес жаттығуда жақсы кросстар жасайды. Владимир Воменко ауысуды сұрап, бізге тактиканы өзгертуге тура келді. Елемеске алға шығып, айып алаңына пас беру тапсырылды. Ол бір сәтте соққы жасап та көрді. Айып алаңына жақсы пастар берді. Жалпы алғанда, ол өзіне артылған сенімді ақтады. Оған алғысымды білдіремін.
«Ертіс» сапында жартылай қорғаушы Владислав Васильев алғаш рет алаңға шықты. Ол жазғы маусымаралық үзілісте командаға қосылған алтыншы футболшы.
Ринат Алюетов, «Ертіс» футбол клубының бас бапкері
Ол жуырда ғана келді. Жалпы жақсы ойын көрсетті. Қазір ортаға үйреніп жатыр. Сондықтан алғашында оған аз уақыт бердік. Сонымен қатар, бізде алаңда толық 60 минут ойнауға дайын басқа ойыншылар да болды. Қазір бір позицияда бос орын бар. Соған ойыншы іздеудейміз
Бірінші айналым қорытындысы бойынша «Каспий» 34 ұпай жинап көш бастап тұр. «Ертістің» еншісінде 27 ұпай. «Шахтёр» мен «Алтай-Өскеменде» 26 ұпайдан бар. Келесі матч 18 шілде күні өтеді. Онда павлодарлықтар өз алаңында «Ақтөбе-М» командасын қабылдайды.
Сабина Жолдаспаева