Естай атындағы мәдениет сарайында «Қазақстанның үздік тауары» және «Бір ауыл – бір өнім» атты көрмелері өтті. Аймақтың үздік тауары республикалық байқауда бақ сынаса, бір ауылдың бір өнімі қолдау тапса, үлкен кәсіпке айналады.
«Қазақстанның үздік тауары», «Бір ауыл бір өнім» байқаулары дәстүрлі түрде жылда ұйымдастырылады. Негізгі мақсат – отандық өндірісті дамытуға серпін беру, өңірлік өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және үздік тауар өндіруші кәсіпорындарды анықтау. Бұрын бұл байқауға шамамен 30 кәсіпорын қатысатын болса, бүгінде қатысушылар саны 50-ге жеткен. Көрмені алдымен аймақ басшысы аралады.
Байқауда дәстүрлі түрде яғни «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» және «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациялары бойынша үздіктер анықталады. Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары Астана қаласында өтетін республикалық деңгейде Павлодар облысының атынан қатысуға мүмкіндік алады.
Байқаудың тұрақты қатысушылары мен жеңімпаздарының қатарында – «Казэнергокабель» АҚ, «Рубиком» ЖШС, «Молком-Павлодар» ЖШС, «Айсберг ПВ» ЖШС, «Мерусар и К» ЖШС сияқты кәсіпорындар, сондай-ақ экологиялық таза өнімдер мен жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін инновациялық өндірушілер бар. Байқау алаңында жыл сайын ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар, шағын және орта бизнес субъектілері өз жетістіктерін көрсетеді.
«Қазақстанның үздік тауары» байқауы – жергілікті өндірушілер өнімін ілгерілету, өткізу нарығын кеңейту және өңірдегі іскерлік белсенділікті ынталандырудың тиімді құралы. Көптеген кәсіпорындар байқаудың өңірлік кезеңіне қатысып, кейін республикалық деңгейде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, экспортқа да шықты. 2025 жылы байқауға 48 бизнес субъектісі қатысуда.
Думан Шаймерденов, қолөнерші
Мен Екібастұздан келдім. Металл картиналар істеймін. Қаңылтырдан сөмкелер жасаймын. Енді үлкен жарнамалы 10 метрлік роботтар жасағым келеді. Маған өте ұнайды. Келіп сатып алып жатады.
«Бір ауыл – бір өнім» – ауылдық жерлерді дамыту тұжырымдамасына негізделіп, жергілікті шикізаттан жасалған өнімдерді әзірлеу мен жылжыту бойынша қызметтерді ұсынуға бағытталған жоба. Бұл жобаға гендерлік бөлініссіз, жергілікті және өңірлік ресурстардан ерекше өнім шығаратын шағын және орта бизнес өкілдері мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындар қатыса алады. 2025 жылы жобада облыстың жеті ауданы мен үш қаласынан өндірушілер қатысуда. Олар былғары бұйымдарын, сөмкелер, түрлі-түсті кұрт, ірімшік пен сүт өнімдері, керамикалық заттар, кәдесыйлар, бал, балалар киімдерін тігу және ұлттық бас киімдер жасау қызметтерін ұсынады.
Самал Қалиқызы