Өңірде өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Осы орайда Тереңкөл ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тұрғын үй секторында өрттің алдын алуға бағытталған профилактикалық шаралар жүргізді.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Айдын Қажыбековтың айтуынша, алдын алу шарасы ең алдымен әлеуметтік осал топтармен жүргізілуде. Оның аясында аудан әкімдігімен бірлесіп, көміртегі тотығының иісін ерте анықтайтын датчиктері орнатылып, пештер алдындағы қорғаныш табақшалары ауыстырылып, мұржалар тазартылады.

Айдын Қажыбеков, Тереңкөл ауданы ТЖБ бастығы

Қазіргі таңда ауданымызда 41 әлеуметтік осал отбасы тіркелген. Солардың ішінде 33 үйге датчиктер орнатылды. Бұл жұмыстар аудан әкімдігімен бірлесе атқарылды.

Жұмыс тек әлеуметтік осал топтармен ғана шектелмейді. Бүгінде 800-ден астам үйде өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқама берілді. Бұған қоса мамандар пештерді тексеріп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар айтты.

Айдын Қажыбеков, Тереңкөл ауданы тжб бастығы

Ауданымызда 5 мыңнан астам тұрғын үйде жылыту пештерін пайдаланады. Әр үйге барып, өрт қауіпсіздігі шаралары жөнінде түсіндірме жүргізіп, ережеге сай келмейтін тұстар анықталса, оны жою бойынша ұсыныстар береміз.

Айта кетейік, былтыр Тереңкөл ауданында жылыту маусымы кезінде 6 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Өрттің себебі — пешті дұрыс пайдаланбау.

Айдын Қажыбеков, Тереңкөл ауданы ТЖБ бастығы– Барлық аудан тұрғындарын пешті қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін мұқият сақтауға шақырамыз. Қауіпсіздік тек біздің ғана емес, әр тұрғынның жауапкершілігіне де байланысты екенін естеріңізге саламыз. Электр сымдарының жағдайына мән беріп, тұрмыстық техниканы қосулы күйде қалдырмаңыздар. Пешті пайдаланған кезде және ашық отпен жұмыс істегенде абай болыңыздар.

Өрт қауіпсіздігі айлығы 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Алайда құтқарушылар тұрғындармен профилактикалық жұмысты жылыту маусымы бойы үздіксіз жүргізеді.

Әйгерім Тоқпанқызы