Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жыртқыш құстарды заңсыз сатып алып, ұстады деген күдікке ілінген жергілікті тұрғынға қатысты тергеуді аяқтады.


Тергеу мәліметінше, күдікті 2017 жылдан бері ұлттық құсбегілік спортынан Қазақстан құрамасының мүшесі бола тұра, Қарағанды қаласындағы өз үйінің аумағында заңсыз тәлімбақ ұйымдастырған.

Ернар Тайжан, ҚР қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі

«Ұлттық құсбегілікке, саятшылық құстарын күтіп-бағу мен емдеуге арналған Instagram парақшасы арқылы ол табиғи мекенінен заңсыз ауланған сирек жыртқыш құстарды жеткізушілермен байланыс орнатқан. Тінту барысында оның тұрғылықты мекенжайынан 35 жыртқыш құс тәркіленді. Олардың қатарында ителгі, бүркіт және лашын бар. Аталған құстар Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген және жойылып кету қаупі төнген сирек жануарлар санатына жатады. Күдікті қамауға алынды. Көлікке тыйым салынды».

Қазіргі уақытта тәркіленген құстар Қарағанды хайуанаттар бағына уақытша орналастырылды. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін олар табиғи мекендеу ортасына жіберіледі.


Самал Қалиқызы